Ақтаудағы ұшақ апаты: Қарабаев тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

Қаракөз Амантай 04 ақп. 2025 12:20 869

Ақтау маңындағы әуе апаты бойынша есеп жақын арада жарияланады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың мәлімдеуінше, тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Айта кетейік, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда орын алған әуе апатына қатысты тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын айтқан еді. Ол халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына сәйкес, бір ай ішінде алдын ала қорытынды жасалып, алғашқы нәтижелер жариялануы тиіс екенін атап өтті. Бұл процесс қылмыстық тергеуден бөлек жүргізілуде және авиациялық билік органдары апаттың себептерін анықтауға бағытталған. 

Апатқа қатысты зерттеулерге шетелдік мамандар да тартылған. Қазіргі таңда 17-18 сарапшы жұмыс істеп жатыр, олардың қатарында Әзербайжан, Ресей, Бразилия және Нидерландтан келген мамандар бар. Олар 2024 жылғы 25 желтоқсанда Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшіктерінен алынған мәліметтерді зерттеуде.

“Мамандар ұшқыштардың диспетчерлермен сөйлесулерін, ұшудың техникалық параметрлерін және өзге де маңызды деректерді талдап жатыр. Бұл – ауқымды әрі күрделі жұмыс. Алдағы аптада Көлік министрлігі алдын ала қорытындыларды жариялайды деп күтілуде. ИКАО стандарттарына сай, авиациялық оқиғадан кейін 30 күн ішінде бастапқы нәтижелер ұсынылуы қажет. Кейбір қиындықтар бар, бірақ белгіленген мерзімге дейін үлгеруіміз керек”, – деді Қанат Бозымбаев.

Оның сөзінше, бұл оқиға бойынша Бас прокуратура жеке қылмыстық іс қозғаған, тергеумен көлік прокуратурасы айналысуда.

“Апат салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына 5 миллион теңгеден өтемақы төлеу жоспарланған. Сонымен қатар жерлеу рәсімі мен марқұмдардың денесін тасымалдауға байланысты шығындар да өтеледі”, – деп мәлімдеді вице-премьер.

Еске салайық, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.

Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.

Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар