Еуропа, Азия және ТМД елдеріндегі халықаралық пәндік олимпиадаларда әр түрлі дәрежедегі марапаттарға ие болған оқушылардың портреттері облыс орталығының LED экрандарында көрсетіле бастады, сондай-ақ қалалық билбордтарға орналастырылды.
Норвегия астанасы Ослода өткен оқушылар арасындағы 63-ші Халықаралық математикалық олимпиадаға (IMO-2022) әлемнің 104 елінен 600 вундеркинд бала жиналды. Соның алтауы Қазақстаннан қатысты.
Аталған жарыста Ақтау қаласындағы "Білім-Инновация" лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Әбу Әділет қола медальға ие болды.
Осы оқу орнының түлегі Санжар Нұрғалиев 10-18 шілде аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында онлайн режимінде өткен химия пәнінен халықаралық олимпиадада (IChO) екінші орын алды.
Ақтау қаласының оқушылары Якутск қаласында өткен физика, химия және информатика пәндері бойынша "Туймаада" Халықаралық Олимпиадасынан да жүлделі орындарға ие болды. Онда Мұғалім Әліби мен Молдағұл Әділжан күміс, Нұрқожа Омарбаева қола медаль жеңіп алды.
– Жыл сайын әлемнің 100-ден астам елінің командалары қатысатын олимпиадада біздің оқушылар өз білімдерін дәлелдеді. Халықаралық деңгейде олар өздерінің мықты екендерін көрсетті. Осыған байланысты біз облыс әкімінің тапсырмасы бойынша олимпиада жеңімпаздарының суреттерін қала көшелеріне орналастыра бастадық. Бұл тек оқушылардың ғана емес, олардың ата-аналары мен ұстаздарының үлкен еңбегі, – деп атап өтті облыстық білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева.