Ақтауда «Жасыл ел» бағдарламасына құжат тапсыру кезінде қарбалас болып, әйел есінен танып қалды

Ақтауда «Жасыл ел» бағдарламасына құжат тапсыру кезінде қарбалас болып, әйел есінен танып қалды
Lada.kz видео кадры

Ақтауда «Жасыл ел» жастар бағдарламасына құжат қабылдау кезінде адам көп жиналып, ғимарат ішінде "кептеліс" болған. Салдарынан бір әйелдің жағдайы нашарлап, есінен танып қалған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға 18 мамыр күні Жастар үйінің маңында болған. Таңғы уақыттан бастап ондаған адам кезекке тұрған. Тұрғындардың айтуынша, кейбірі құжат тапсыру үшін таңғы сағат 6-дан бастап келген.

Бағдарлама бойынша жастар қаланы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына тартылмақ.

Жергілікті тұрғындардың сөзінше, алдымен бір кезек тізімі жасалған, кейін тағы бір тізім пайда болып, салдарынан түсініспеушілік туған. Құжат қабылдау басталар сәтте ғимарат алдында үлкен топ жиналып, кейін іште адам кептелісі болған.

Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте әйелдердің бірінің жағдайы күрт нашарлап, ол ғимарат ішінде есінен танып қалған.

Тұрғындар құжат қабылдау процесінің дұрыс ұйымдастырылмағанына шағымданды. Олардың пікірінше, өтінімдерді онлайн форматта қабылдауға немесе адамдар ағынын алдын ала реттеуге болатын еді.

Ақтау әкімдігі жастар орталығының алдына 100-ден астам адам жиналғанын растады. Әкімдік мәліметінше, адам санының көп болуына байланысты ғимарат ішінде шынымен "кептеліс" болған.

Оқиғадан кейін орынға жедел жәрдем қызметі шақырылып, есінен танып қалған әйелге медициналық көмек көрсетілген.