Ақтөбе гарнизонының әскери соты қызмет бабын асыра пайдаланған 42 жастағы сержантқа үкім шығарды. Ақтаудағы 25744 әскери бөлімінің взвод командирі екі сарбазды темекі тұқылын жеуге мәжбүрлеп, олардың бірін соққыға жыққан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу материалдарына сәйкес, сержант Керімов медициналық рота аумағын тазалау кезінде жерде жатқан темекі тұқылын тауып, оны сарбаздарға жегізген. Біраз уақыттан кейін олардың бірі өзін нашар сезініп, медициналық көмекке жүгінген.
Келесі күні сержант бөлмедегі тәртіпсіздікке ашуланып, сол екі сарбазды қайта шақырып алған. Олардың бірін бірнеше рет теуіп, физикалық жаза қолданған.
Сот барысында Керімов өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Оның айтуынша, сарбаздарға тек сөгіс жариялаған, ал зорлық-зомбылық әрекеттері болмаған. Алайда жәбірленушілердің бірі аталған оқиғаны растады. Ал екінші сарбаз ешқандай шағымы жоқ екенін жеткізді.
Сот шешімі бойынша сержант 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар жыл сайын 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелді.