Ақтауда коммуналдық базардың құрылысы қарқынды жүруде

Dalanews 13 шіл. 2022 10:18 906

Ақтауда көтерме-тарату орталығы мен коммуналдық базардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда құрылыстың 30 пайызы аяқталды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Маңғыстау облыстық Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа коммуналдық базар мен көтерме-тарату орталығының жобасы таныстырылып көрсетілді. Құрылысты «ОРЦ Ақтау» ЖШС жеке инвестордың қаржысына салуда. Қазіргі таңда қоймалар салынып жатыр. Онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Бұл өз кезегінде тұтынушылар үшін бағаны қалыптастыруға оң әсер етеді.

– Көтерме-тарату орталығының құрылысы жоба бойынша кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Қазір құрылыстың 30 пайызы аяқталды. Жобада жеміс-жидек, көкөніс және құрғақ тамақ өнімдерін сақтайтын қойма болады. Сонымен қатар мультикамералы тоңазытқыштар қарастырылған. Жобаның мақсаты мейрамханалар, азық-түлік дүкендері, басқа да бизнес субъектілерінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қала тұрғындарына ешқандай делдалсыз, нарықтағы бағадан төмен азық-түлікпен қамтамасыз ету, – деді «ОРЦ Ақтау» ЖШС директоры Бекзат Жеткізгенов.


Сауда және қойма көлемі 40 000 шаршы метр болады. Жобаға салынған инвестиция құны 1,5 млрд. теңгені құрайды.

Айта кетсек, жоба Президент тапсырмасы аясында іске асырылуда. 22 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына арнайы жұмыс сапарымен келгенде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жиында инфляция деңгейінің жоғары екенін, мұның азық-түлік тауарлары бағасының тез өсуіне әсер етіп жатқанын айтып, Ақтау қаласында коммуналдық және көтерме базарларды салуды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін Ақтау қаласының 36-шағын ауданында жоба құрылысы басталды. Көтерме-тарату орталығы 2023 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар