Ақтауда жаңа үлгідегі мектеп ашылды: "Келешек мектептері" жобасының алғашқы нәтижесі

Жарбол Кентұлы 12 мау. 2025 21:35

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы іске асырылуда. Жобаның мақсаты – еліміздің барлық өңірлерінде кез-келген балаға қолжетімді жаңа форматтағы білім беру ұйымдарын құру.

Жоғары сапалы білім беру стандарттарын жаппай енгізу арқылы, әр баланың жан-жақты дамуына және өз әлеуетін толық ашуға теңдей мүмкіндіктер жасау. Бұл мектептер XXI ғасырдың талаптарына сай заманауи білім беру инфрақұрылымын құру жолындағы стратегиялық бастама.
Осы жоба аясында 2024 жылдың 13 қаңтар айында Ақтау қаласында жаңа үлгідегі №33 мектебі жұмысын бастады. Білім беру мекемесі заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушыларға сапалы білім алуға және жан-жақты дамуға толық мүмкіндік береді.


Жаңа мектептің мүмкіндіктері
Мектепте түрлі пәндерге арналған пәндік кабинеттер, STEM зертханасы, робототехника сыныбы, лингафонды кабинет, компьютерлік сыныптар, логопед және педагог-психолог кабинеттері, сенсорлық және ойын бөлмелері, бастауыш сыныптарға арналған оқу кабинеттері мен зертханалар қарастырылған.


Сонымен қатар мектепте кең спорт залдары, асхана, кітапхана, конференц-зал және медициналық кабинеттер бар.


Кәсіби кадрлар және оқушылар контингенті

Мектепте 96 мұғалім қызмет етеді. 2024–2025 оқу жылында жалпы 1 мыңнан астам оқушы білім алды. Педагогикалық ұжым оқушылардың сапалы білім алуымен қатар, олардың сыни ойлау, шығармашылық және цифрлық сауаттылық дағдыларын дамытуға баса назар аударады.


Қосымша білім беру: үйірмелер мен секциялар


Мектепте оқу процесінен тыс уақытта оқушылардың бос уақытын тиімді өткізуіне және жеке қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беретін түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Атап айтқанда, жеңіл атлетика, шахмат және футбол секциялары оқушылар арасында жоғары сұранысқа ие. Бұл үйірмелер жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылып, оқушылардың физикалық және зияткерлік дамуына оң ықпал етуде.


№33 мектеп – "Келешек мектептері" ұлттық жобасының нақты нәтижесі ретінде, болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына, жан-жақты дамуына және бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына берік негіз қалап отыр. Заманауи инфрақұрылым, кәсіби кадрлар мен оқушыға бағытталған орта – білім беру сапасын жаңа деңгейге көтерудің сенімді жолы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар