Ақтауда 7-сыныпта оқитын оқушы қыз жоғары сынып оқушылары тарапынан бірнеше рет зорлыққа ұшырап, болған жағдайды жасырып келген. Бұл шулы ақпаратқа полиция пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық деректері Немолчи.kz қорының парақшасында жарияланды. Қор ұсынған мәліметке сәйкес, қыз өткен жылдың қыркүйек айынан бастап зорлыққа ұшыраған.
«7-сынып оқитын қызды сабақтан кейін ұстап алып, құрылыс алаңына сүйреп апарған. Сол жерде оны мазақтап, қорлап, барлығын телефонға түсірген. Бірнеше бала топ болып, азғын тәсілмен зорлық жасаған: интим жерлеріне темекі тығып, ішіне секірген, ұрып-соққан», – делінген жарияланымда.
Сондай-ақ, жәбірлеушілер кеңсе пышағымен қыздың денесіне қорлайтын сөздер ойып жазғаны айтылған.
«Зорлық бірнеше рет қайталанған. Қыз әлдекімге айтуға қорқып, ұзақ уақыт бойы анасын алдап келген. Ақыры ауыр депрессияға түскен», – деп жазады қор.
Қор мәліметінше, қазіргі таңда жасөспірімнің психологиялық жағдайы өте ауыр. Ол жарықсыз ұйықтай алмайды, бірнеше рет психиатриялық клиникада ем алған және суицидке бірнеше мәрте әрекет жасаған.
Қор мәліметінше, қазіргі уақытта күдіктілердің ешқайсысы ұсталып, жауапқа тартылмаған, олардың барлығы бостандықта жүрген көрінеді.
Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі («Кәмелетке толмағанды зорлау») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
