2025 жылғы 5 ақпанда іздестіру жарияланған Ақтау қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Сәдуақасов Өзбекстанда ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы желіде журналист Михаил Козачков жазды. Бірақ бұл мәлімет ресми түрде әлі расталған жоқ, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Ақтау әкімінің бұрынғы орынбасары Тимур Садуақасов Қазақстаннан Қырғызстанға, кейін Өзбекстанға заңсыз өткен. Сол жерде оны жергілікті шекарашылар ұстаған. Садуақасов Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін 5 жылдан 10 жылға дейін сотталуы мүмкін", делінген Kozachkov offside телеграм арнасында.
Ал Қазақстанда оған алаяқтық және пара беруге итермелеу бойынша айып тағылып, халықаралық іздеу жарияланған.
2019 жылы ақпаннан бастап Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болған Тимур Сәдуақасовқа іздеу жарияланғаны 2025 жылы 7 ақпанда белгілі болды. "2025 жылғы 5 ақпанда іздестіру туралы іс Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді. Бастамашы — сот. Іздестіруді жүргізетін орган: Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті", — деп жазылған Сәдуақасовты іздестіру карточкасында.
Тимур Сәдуақасов Солтүстік Қазақстан облысындағы титан-цирконий кендерін өндіруші Обухов тау-кен байыту комбинатына қатысты атышулы істе фигурант екені белгілі. 2025 жылғы қаңтарда апелляциялық саты бұл іс бойынша ақтау үкімінің күшін жойды, сотталушылар қамауға алынды, бірақ Тимур Сәдуақасовтың бұл кезде елде болмаған.