Еуразия даму банкінің (ЕАДБ) сарапшылары сауда қарама-қайшылықтарының күшеюіне байланысты энергия ресурстары бағасының құлдырауы Еуразия өңірдегі Қазақстан мен Ресейді қоса алғанда, ірі мұнай экспорттаушыларға кері әсерін тигізеді деп болжайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ресейлік Коммерсантъ басылымы жазады.
ЕАДБ сарапшылары АҚШ-тың тарифтік саясаты мен халықаралық сауда текетіресінің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдеріне, сондай-ақ Тәжікстан мен Өзбекстанға қалай ықпал ететінін болжап көрді. Сарапшылардың айтуынша, бұл жанжалдың Қазақстанға тікелей болмаса да жанама әсері болуы мүмкін.
ЕАДБ сараптамасына сенсек, Вашингтонның тарифтік саясаты Орталық Азия елдері мен ЕАЭО экономикасы үшін соңғы 20 жылда болған қаржы дағдарыстарынан әлдеқайда жеңіл соққы болмақ.
"Тіпті АҚШ пен оның сауда серіктестері арасындағы текетірес шиеленісе түскен жағдайда да, оның өңірге тигізетін ықпалы шектеулі болады", - дейді сарапшылар.
Дегенмен сауда соғысы шикізат нарығындағы бағаға әсер етері анық. Осы тұрғыдан алғанда, металдар құнының қымбаттауы Армения, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанға тиімді болмақ. Бұл елдердің металл өндіруші компанияларының табысы артып, экономикасы ілгерілей түседі деген болжам бар.
Ал Арменияда экономикалық өсімге үкіметтің бюджеттік қолдау саясаты ықпал етеді: 2024 жылы 5,9 пайыз болған ЖІӨ өсімі 2025 жылы 5,5 пайызды құрайды деп болжанады. Қырғызстан мен Тәжікстан экономикасын тұрғындардың тұтыну деңгейінің артуы қолдайды: Қырғызстанда өсім 10,3 пайыз, Тәжікстанда 8,4 пайыз болады. Ал Өзбекстанда халықтың табысы тұрақты өсіп, жылына 6,5 пайыз деңгейінде сақталмақ.
ЕАДБ сарапшылары сауда жанжалы салдарынан құлдыраған мұнай бағасы, керісінше, Қазақстан мен Ресей экономикасына жағымсыз әсер етеді деп есептейді.
Болжам бойынша, 2025 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 67 доллар шамасында болса, 2026–2027 жылдары, тіпті 63 долларға дейін төмендейді. Ресей мұнайы 56 доллар шамасында сатылуы мүмкін. Осы факторларға байланысты Ресей экономикасының өсімі 2024 жылғы 4,3 пайыздан 2025 жылы 2 пайызға дейін бәсеңдейді деп күтіледі.
"Жақын келешекте Ресей экономикасы қайтадан тұрақты даму траекториясына оралады. 2026-2027 жылдары өсім шамамен 1,5-2 пайызға тұрақтайды", – дейді ЕАДБ талдау орталығының басшысы Артур Шарафутдинов.
Қазақстанға келсек, сарапшылардың пікірінше, сыртқы соққылардың салдарын биліктің қабылдаған инвестициялық қолдау шаралары толықтай өтей алады. 2025 жылдың ақпан айының соңынан бастап Қазақстан үкіметі өңдеу өнеркәсібіндегі ірі инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған арнайы қолдау бағдарламасын іске қосты.
ЕАДБ сарапшылары АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда саясатынан туындаған жаһандық дүдамал ахуал шетелдік инвестицияны тартуда қиындық туғызатынын айтады. Сондықтан Қазақстанның "ішкі инвестициялық әлеуетті ашу" стратегиясы қазіргі жағдайда ең ұтымды шешім болып отыр. Осы шаралардың нәтижесінде Қазақстан экономикасының жылдық өсімі 2025 жылы және одан кейінгі екі жылда 5,5 пайыз деңгейінде сақталады деген болжам бар.
Жалпы, ЕАДБ-ның бұл зерттеуі Қазақстанның қазіргі экономикалық бағыты жаһандық тұрақсыздық кезеңінде тиімді әрі дер кезінде қабылданған шешім екендігін тағы бір растайды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездескенін жазғанбыз.