АҚШ Сенаты Украинаға әскери қолдау мақсатында 1 млрд доллар бөлу туралы құжатты мақұлдады

Dalanews 01 там. 2025 17:11

Америка Құрама Штаттарының Сенаты Украинаға әскери қолдау көрсету мақсатында 1 миллиард доллар көлемінде қаржы бөлу туралы құжатты мақұлдады. Сенаттың ассигнациялар жөніндегі комитеті дайындаған құжатты қолдап, 26 сенатор дауыс берсе, тек үшеуі ғана қарсы шыққан. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп жазады Dalanews.kz.

Сенат мақұлдаған құжатқа сәйкес, Украина қауіпсіздігін қолдау бағдарламасы (USAI) аясында қару-жарақ сатып алуға 800 миллион доллар бағытталмақ. Қосымша тағы 225 миллион доллар Балтық елдеріне беріледі, дегенмен оның басым бөлігі де Украинаны Ресей агрессиясынан қорғауға жұмсалады.

"Жалпы алғанда, Украинаға бөлінетін әскери қолдау 1 миллиард долларды құрайды", деп мәлімдеді демократ сенатор Крис Кунс.

Аталған құжатқа қатысты түсініктеме берген Сенаттың қорғаныс жөніндегі кіші комитетінің басшысы, республикалық сенатор Митч Макконнелл бұл шешімнің маңыздылығын былай атап өтеді:

"Тек алдыңғы әкімшілік қана емес, қазіргі әкімшілік те Ресей тарапынан төніп тұрған қауіп-қатер деңгейін толық бағаламады", – деді Макконнелл.

Айта кетерлігі, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі бастапқыда Украинаға қаржы бөлуді бюджетте қарастырмаған болатын.

Трамп Путинге ультиматум қойды

29 шілдеде Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге Украинадағы соғысты тоқтатуға 10 күн уақыт берді. Ол бейбіт келісімге 8 тамызға дейін қол жеткізу керектігін атап өтті. Егер осы мерзім ішінде нәтиже болмаса, АҚШ Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар мен қосымша шаралар қабылдайтынын ескертті. Бұған дейінгі ұсынылған шаралардың бірі – Ресей мұнайын сатып алушы елдерге 100 пайыздық баж салығын енгізу болатын. Бастапқыда Путинге берілген уақыт 50 күн болса, Трамп ресейлік әріптесіне көңілі толмай, бұл мерзімді күрт қысқартқан.

Трамп Украинаға қосымша әскери көмек беруге уәде еткенімен, қару-жарақ жеткізу НАТО елдері тарапынан қаржыландырылуы тиіс деп мәлімдеді. Қазір АҚШ Украинаға қосымша Patriot зениттік-зымыран кешендерін беру жоспары барын алға тартады. Бұл бастаманы Германия қолдап, бес Patriot жүйесін сатып алуға дайын екендігін білдірген. Франция, Италия және Чехия болса, мұндай бастамадан бас тартқан. Ұлыбритания, әзірге түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.

Осыған дейін, 23 шілдеде АҚШ Мемлекеттік департаменті Украинаға 322 миллион доллар тұратын қару-жарақ сату келісімін мақұлдаған еді. Бірінші пакетке Hawk Phase III әуе қорғаныс жүйелері мен олардың қызмет көрсетуі кірсе, екінші пакетке Bradley жауынгерлік машиналары және оларды жөндеу қызметі енгізілген. Бұдан бөлек, америкалық Raytheon Technologies компаниясы Украина үшін AMRAAM зымырандарын өндіру туралы келісімге қол қойды.

Жалпы мақұлданған қорғаныс бюджетінің көлемі 852 миллиард долларды құрайды. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға, яғни 21,7 миллиард долларға артық көлем. Бюджет Сенат пен Өкілдер палатасына дауысқа салуға беріліп, президент Дональд Трамп қол қойған соң күшіне енеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар