18 ақпанда Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей делегациялары арасында Украинадағы жағдайды реттеу бойынша келіссөздер басталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл — соңғы бірнеше жылдағы Мәскеу мен Вашингтон арасындағы алғашқы ауқымды кездесу.
Ресейлік тікелей инвестициялар қорының (РФПИ) бас директоры Кирилл Дмитриев келіссөздерге қатысып, экономикалық мәселелер бойынша жауапты болатынын мәлімдеді.
Кездесуде Сауд Арабиясын сыртқы істер министрі Фейсал бен Фархан Аль Сауд пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Мусаид бен Мұхаммед Аль-Айбан өкілдік етуде, деп жазады РБК.
Кирилл Дмитриевтің айтуынша, ресейлік делегация америкалық тарапқа сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша бірнеше ұсыныс жасаған. Ол нақты қандай ұсыныстар туралы сөз болғанын ашып айтпады, бірақ Ресей мен АҚШ-тың Арктикада бірлескен жобалар жүргізуге мүмкіндігі барын атап өтті.
Бұл келіссөздер Украинадағы соғыс жағдайының ушығуына және халықаралық қауымдастықтың қақтығысты тоқтатуға бағытталған қысымының күшеюіне тұспа-тұс келіп отыр.
Айта кетерлігі, бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет пен Дональд Трамп әкімшілігінің басқа да өкілдерінің Украинадағы соғыс жағдайы туралы мәлімдемелерін сынға алған болатын.