АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Вашингтонда кездесу өткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Келіссөздер барысында АҚШ тарапы Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі және аумақтық тұтастығына деген тұрақты қолдауын тағы бір мәрте қуаттады.
Марко Рубио мен Мұрат Нұртілеу екіжақты сауда-саттық пен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету жолдарын талқылап, америкалық компаниялар үшін сенімді инфрақұрылым мен қолайлы реттеуші ортаның маңызын ерекше атап өтті.
“АҚШ Қазақстанмен қауіпсіздік саласындағы әріптестікті кеңейтуді, C5+1 форматындағы дипломатиялық ынтымақтастықты дамытуды, сондай-ақ технология мен стратегиялық маңызды пайдалы қазбалар бойынша өзара тиімді коммерциялық мүмкіндіктерді қарастыруды жалғастыруға ниетті”, — делінген Мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс таратқан мәліметте.
Еске салайық, бұған дейін 12 наурызда Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлескен еді.
Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар саяси диалог және экономикалық байланыстарды күшейту жөнінде пікір алмасқан. Сонымен қатар стратегиялық серіктестік жайында сөз қозғалған. Оның қазіргі уақыттағы жай-күйі, даму болашағы талқыланған.
Әрине, қазіргі күрделі геосаяси ахуалдың назардан тыс қалмайтыны түсінікті жайт.
"Жаһандық қауіпсіздік және аймақтық тұрақтылықпен қатар, өзге де маңызды халықаралық жағдайлар жөнінде пікір алмасу болды", – делінген СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Екі елдің лауазымды тұлғалары тұрақты байланыс орнату туралы уағдаласқан. Ондағы мақсат – екі жақты ынтымақтастық пен серіктестік қарқынын жоғалтпау.