АҚШ Мәскеу мен Киевке қандай ұсыныс жасады?

Көркем Алдабергенова 26 сәу. 2025 12:02 267

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф 17 сәуірде Парижде Еуропа елдері делегациясының өкілдеріне Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған құжатты таныстырды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жарияланған құжатқа сәйкес, Украина “Еуропа және Еуропаға жатпайтын елдер тобынан” қауіпсіздік кепілдігін алуы тиіс. Ал бұған жауап ретінде Украина НАТО-ға қосылудан бас тартады, бірақ Еуропалық одаққа мүшелікке ұмтылуына мүмкіндік сақталады.

Сондай-ақ құжатта АҚШ Қырымды де-юре Ресейдің аумағы ретінде танитыны көрсетілген. Бұл ретте мәселе Украинаның емес, АҚШ-тың ресми ұстанымына қатысты болып отыр. Алайда Қырымды халықаралық қауымдастық әлі күнге дейін Украина жері деп санайды және құжатта оның қалай жүзеге асатыны нақтыланбаған.

Сонымен бірге АҚШ Луганск облысының, сондай-ақ Херсон, Запорожье және Донецк облыстарының бір бөлігінің Ресей бақылауында екенін де-факто мойындайтыны жазылған. Ал Харьков облысынан Ресей әскерінің шығарылуы қажет екені көрсетілген.

Құжатта Запорожье атом электр станциясы Украинаға қайтарылуы тиіс екені, бірақ оның басқаруын АҚШ өз қолына алатыны айтылған. Бұдан бөлек, Украина Днепр өзенінде кеме қозғалысының еркіндігін қалпына келтіріп, Кинбурн түбегіне бақылауды қайта орнатуы тиіс.

Сонымен қатар құжатта Ресейге қарсы санкциялардың алынуы, Украинаны қалпына келтіру және оған қаржылай өтемақы төлеу мәселелері де қамтылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар