Шараға Dalanews.kz тілшісі де қатысып қайтқан болатын.
"Ресейдің іс-әрекетін өзгерту үшін санкция шараларын қабылдағанымызды айтқым келеді. Мұнда бір нәрсені атап өту керек: олардың біздің сайлауға және мемлекеттік ақпаратқа араласу сияқты әрекеті болды. Бұған біз одан әрі шыдай алмаймыз.
Бірақ Қазақстанға келетін болсақ, санкциялардың міндетті салдарын болдырмауы үшін жұмыс істедік және істей береміз дегім келеді. Біз бұл санкциялардың Қазақстанға әсер еткенін қаламаймыз", - деді осы кездесуде елші мырза.
…
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше елші сөзінің астарында Қазақстан билігін Ресейден іргесін аулақ салуға шақырған емеурін жатыр.
Мозер мырза сөй дей отыра біздің елді күні бұрын құлағдар етіп, Путиннің параноясы асқына түссе АҚШ-тың Кремльмен сыбайлас мемлекеттерге санкция салуға мәжбүр боларын меңзеді.
Ресейдің айтқанын екі етпейтін елдің бірі – Қазақстан. ОДКБ мен Еуразиялық одаққа қуана-қуана қосылған Ақ орданың дәл қазір маневр жасайтын мүмкіндігі жоқ. Мәскеудің меншігіндегі ілгерідегі екі ұйымға өз еркімен өткен Қазақстанды Кремльде дербес мемлекет ретінде қарастырмайды екен.
Сәтпаев солай дейді.
“Кремль билігінің төбе басында отырған топ үшін біз сателлитпіз. Еуразиялық одаққа қосылғаннан кейін Мәскеу қол-аяғымызды байлап-матап бастады. Путин мен оның айналасы үшін Қазақстан Ресейдің бір бөлшегі ғана. Бас еркінен айырылған, бодан ел.
Демек жаһандағы жағдайға да Мәскеудің көзімен қарауы керек деп санайды. Халықаралық қатынаста Путиннің позициясын құптап, одақтасының сойылын соғуы қажет деп біледі.
Олар осы күнге дейін үндемей келді. Күндердің-күні Кремль өзінің геосаяси кеңістігіне кіретін шабарман елдерден Батысқа қарсы шығуды, АҚШ-ты айыптауды, демократиялық құндылықты кекетіп-мұқатуды ашық түрде талап ете бастайды. Қызықтың көкесін сонда көреміз”, – дейді саясаттанушы.
Оның пікірінше мұның бәріне қазіргі жүйе кінәлі. Кінәратты Кремльден іздеудің қажеті жоқ. Өткен отыз жыл бойы Мәскеуге қарсы келуден қаймыққан, сөйтіп өз қадірін өзі кетірген Қазақстан билігі жоғалған репутацияны қайтып қалпына келтіруі неғайбыл.
…
Саясаттанушы түптің-түбінде АҚШ санкциясы Қазақстанды да шарпып өтеді деп топшылайды. Ресей мен Батыстың арасындағы араздық өрши түссе, бұдан бірінші кезекте біздің ел жапа шегеді.
Сәтпаев бұған дәлел ретінде америкатанушы, АҚШ саясатын жетік білетін маман Арег Галстянның Forbes Russia-да жарық көрген сараптамасын мысалға келтіріпті.
Аталған мақала автор:
“Күндердің күні Америка Кремльдің Еуразиялық одақ пен ОДКБ аясындағы стратегиялық одақтастарының “қылтасын қияды”. Санкция заңнамасына сай АҚШ билігі Ресеймен әскери-техникалық салада тығыз жұмыс істейтін мемлекеттерге шектеу енгізуге құқы бар”, – деп тұжырымдайды.
Сәтпаевтың айтуынша бұл болжам шындыққа жақын, ақыр түбі ақиқатқа айналуы мүмкін. Енді қараңыз, Қазақстан ОДКБ шеңберінде Ресеймен өте-мөте тығыз байланыс орнатқан мемлекеттің бірі. Мәскеу бұл ұйымды Батыс пен АҚШ-қа қарсы тұрар геосаяси құрал ретінде пайдаланудан тайынбайды, пайдаланып та жүр.
“Мәселен осы ұйымның экс-бас хатшысы Николай Бордюжа халықаралық мәселеде Қазақстанның көпвекторлы саясатына қайшы келетін бір емес, бірнеше мәлімдеме жасады. Қисық қыңыр сөйлеп Батыстың құндылықтарына тіл тигізгені бар. Бұл мәселеде ұйымға мүше елдердің өз позициясы бар-ау деген ой Бордюжаның қаперіне кіріп шыққан емес. Бір жолы Еуродақ пен НАТО Ресей ғана емес, ОДКБ-ға да өшпенділікпен қарайды деп қойып қалды. Ұйымға мүше елдердің біразы Еуродақпен әріптестік байланыс орнатқанын біле тұра айтты”, – дейді Сәтпаев.
…
Соңғы кезде Қазақстанға қарата Ресейдің ақпараттық кеңістігінен ақтарылып жатқан айыптаулар мен арандатулар алдағы уақытта көбеймесе азаймайды.
Сәтпаев біздің биліктің “үндемеген үйдей бәледен құтылады” деген позициясына аң-таң. Әншейінде алаңға шыққан жұртты аяусыз басып-жаныштайтын Қазақстан билігі Жириновский мен Лимоновтарға келгенде жуасып қалатыны қызық.
Сөй деген саясаттанушы Қазақстанның теріскейені көз алартқан қилы-қилы мәлімдеменің түп-тамыры Кремльден бастау алатынын айтады. Жириновскийдің сөзі сандырақ емес, ол Мемдумада отыр, Соловьев секілділер Ресейдің телеарналарынан түспейді.
“Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатына араласуды әдетке айналдырып алған Ресейдің сұғанақ сарапшылары мен саясаткерлерін орнына қоймағанымыз үшін әлі талай өкінеміз. Олар Путиннің ойындағы дүниені сыртқа шығарып отыр. Путиннің пасық пиғылы мен сасық ниетін пропаганда құралына айналдырып алған”, – дейді Сәтпаев.
….
Еліміздің Сыртқы істер министрлігі қол қусырып қарап отырмай, әлгіндей агрессия мен провокацияға жауап қатуы үйренуі керек. Позициясы жоқ мемлекетті Ресей секілді агрессор ел тез басынады.
Саясаттанушы осы арада Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне бірнеше ұсыныс айтқан.
Мұның алғашқысы – еліміздің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне тіл тигізген, қазақ ұлтының тарихы һәм мәдени мұрасын қаралаған, мемлекеттік тілін мазақ еткен ресейліктерді “қара тізімге” кіргізіп, шекарадан өткізбеу.
Санкцияға іліккендердің атын атап, түсін түстеу.
“Біздің СІМ Ресейден таралған лас ақпарат Ақ Ордаға тиіп кеткенде ғана қозғалады. Мемлекеттің атына бағытталған айыптауларға ләм-лим демейді. Әлгіндей тізімді жасақтайтын уақыт баяғыда келген.
Жириновский, Соловьев, Никонов секілді сайқымазақтарды босағадан кері қайтаруымыз керек. Ресейдің ресми билігі не дерін сол кезде көреміз. Кімнің кім екені сол кезде айқындалады. Егер әлгілерге ара түссе, Кремльге қатысты иллюзиядан біржолата арыламыз”, – дейді саясаттанушы.
Келесі қадам – Қазақстан территориясында таралатын ресейлік ақпарат құралдарын ауыздықтау, таралым ауқымын шектеу. Олардың орнын өз елімізде жасалған сапалы контентпен алмастыру. Әрине, бұл айтуға ғана оңай.
Сәтпаевтың пікірінше Қазақстандағы ақпарат құралдарының бәсеге қабілетін арттыру, әрбірден соң Ресей пропогандасына қарсы тұру үшін сөз бостандығы мен ой еркіндігіне ерік беру қажет.
“Мемтапсырыспен отырған БАҚ Ресей агрессиясы мен пропагандасына қарсы келе алмайды. Оларды мұндай иммунитет жоқ. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәуелсіз медианы тұншықтыра беруді тоқтату қажет”, – дейді ол.
…
Тоқсан ауыздың сөздің тобықтай түйіні – Кремль идеологтары жалпақ әлемнен толықтай оқшаулануға қазірден қамданып жатыр. Путиннің көмекшісі Владислав Сурковтың: “Ресейді жүз жылдық жалғыздық күтіп тұр” деген түнеукүнгі мәлімдемесі тегін емес.
Сәтпаевтың айтуынша Мәскеу геосаяси жалғыздықты жалғыз өзі өткергісі келмейді. Одақтастарын өзімен бірге іле кетпек. Олардың да өзге әлемнен оқшауланғанын қалайды.
“Бұл біздің елдің көпвекторы саясатына қайшы. Ресей “изгой” ел. Кремльдің авантюрасы Қазақстанды құзға құлатпасын десек, одақтан шығудың жолын қазірден бастап іздестіру қажет. Сол кезде тәуелсіздік үшін күрестің жаңа кезеңі басталады”, – дейді саясаттанушы.
15 сәуірде АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар енгізген. Ол 32 жеке тұлға мен бірлестікке қатысты.
14 маусымнан бастап АҚШ қаржы институттарына Орталық банк пен Ресейдің Қаржы министрлігінен, сондай-ақ ұлттық әл-ауқат қорынан борыштық бағалы қағаздарды тікелей сатып алуға тыйым салынады. Вашингтон билігі Ресейдің 10 қызметкері елден шығарылатынын айтқан болатын.
Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ