АҚШ бір жақтың мүддесін ашық қорғаудан бас тартып отыр – Зеленский

Қаракөз Амантай 26 нау. 2025 09:46 356

Украина президенті Владимир Зеленский Time басылымына берген сұхбатында АҚШ-тың ұстанымы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, ол АҚШ-ты Украина мен Ресей арасында "бейтарап" позициясын ұстануға шақырған.  

"Олар (АҚШ) бізбен бірге емес. Жалпы, менің ойымша, Америка билігі бұл ұстанымын жасырмайды. Олар өзін ара ағайын ретінде көрсеткісі келеді, бір жақтың мүддесін ашық қорғаудан қашып отыр. Біз оларға: "Егер біздің жағымызда болмасаңыздар, тым болмаса бейтарап қалуларыңызды қалаймыз" деп айттық", – деді Зеленский.

Оның пікірінше, АҚШ-тың бұл ұстанымы Біріккен Ұлттар Ұйымындағы (БҰҰ) дауыс беру кезінде де көрініс тапты. Вашингтон мен Мәскеу Украинадағы соғысқа қатысты қарар бойынша бірге дауыс берген. Зеленскийдің айтуынша, бұл әрекет Ресейдің мүддесіне қызмет етеді.

Журналистің "Бұл туралы Трамппен сөйлестіңіз бе?" деген сұрағына Зеленский: "БАҚ өкілдері арқылы өз уәжімді жеткізіп жүрмін. Ал Трамппен сөйлескенде әңгіме басқаша өрбиді. Біз сол сәтте жасай алатын нақты қадамдарды талқылаймыз", – деп жауап берді.

Сонымен қатар Украина тарапы Ресейдің атысты толық тоқтатудан бас тартқан жағдайда, оған қосымша санкциялар енгізуді ұсынған.

"Біз АҚШ-тан осы бағытта нақты әрекет күтеміз", – деді Зеленский.

Оның пікірінше, Ресей келіссөздер барысында өз талаптарын әдейі тым жоғары қойып, кейін белгілі бір тармақтардан бас тарту арқылы өзіне тиімді маневр жасауға тырысады.

23-25 наурыз күндері Эр-Риядта АҚШ Ресей мен Украина өкілдерімен жеке кездесулер өткізді. Ақ үйдің мәлімдеуінше, келіссөздер Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және екі елдің энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасамау тетіктерін әзірлеу мәселелеріне арналды.

Кремль бұл кездесулердің нәтижесінде "Қара теңіз бастамасын" жүзеге асыру жөнінде келісім жасалғанын хабарлады. Оның аясында Қара теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігіне кепілдік беру, сондай-ақ белгілі бір санкциялық шектеулер алынғаннан кейін Ресейдің ауыл шаруашылық өнімдері мен тыңайтқыштарын әлемдік нарыққа қайта шығару мәселелері қамтылған.

Мәскеу мен Вашингтон 18 наурыздан бастап 30 күнге энергия нысандарына соққы жасамау туралы мораторий енгізуге келісті. Алайда егер тараптардың бірі келісімді бұзса, екіншісі оны қайта қарастыра алады. Ресей Қорғаныс министрлігі бірнеше рет Украина қарулы күштерін бұл келісімді бұзып, энергетикалық инфрақұрылымдарға соққы жасаған деп айыптады.

Ресей тарапы Украинаға басқа елдерден әскери көмек көрсетілуіне түбегейлі қарсы екенін мәлімдеп, бұл үдерісті тоқтатуды талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар