Freedom Inside '26

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс ушыға түсті

АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс ушыға түсті
Фото: life.ru

АҚШ әскері Иран аумағындағы бірқатар әскери нысанға соққы жасады. Бұған Ормуз бұғазы маңында америкалық Apache әскери тікұшағының атып түсірілуі себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz.

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, оқиға дүйсенбі күні болған. Оның сөзінше, тікұшақ патрульдік тапсырма орындап жүрген кезде шабуылға ұшыраған. Экипаждағы екі ұшқыш аман қалған.

Осыдан кейін АҚШ әскері жауап ретінде Иранның әуе қорғанысы жүйелеріне, радиолокациялық станцияларына және әскери басқару нысандарына соққы жасаған.

АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) бұл операцияны "Иранның әрекетіне берілген жауап" деп атады.

Кейінірек АҚШ әскери күштері шабуыл барысында Иранның әуе қорғанысы жүйелері, жерүсті басқару пункттері мен радиолокациялық станциялары нысанаға алынғанын хабарлады.

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, америкалық Apache тікұшағы Ормуз бұғазында патрульдік міндет атқарып жүрген кезде атып түсірілген.

“Әскерилер кеше кешке Иран күштері біздің жоғары технологиялы Apache тікұшағымызды атып түсіргенін хабарлады. Тікұшақтағы екі ұшқыш та аман қалды. Дегенмен АҚШ бұл шабуылға жауап беруге тиіс”, – деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Сондай-ақ ол ABC News телеарнасына берген сұхбатында Иранға жасалатын жауаптың “өте қуатты әрі қатаң болатынын” мәлімдеді.

“Біз дәл қазір жауап беріп жатырмыз. Бұл – біздің тікұшағымызға жасалған шабуылға жауап. Мұндай жағдайда жауап өте күшті болуы керек деп санаймын”, – деді АҚШ президенті.

Өз кезегінде Иран АҚШ-тың шабуылдарына жауап ретінде аймақтағы америкалық әскери базаларға соққы жасағанын хабарлады. Қазіргі уақытта тараптар арасындағы шиеленіс одан әрі күшейіп, жағдай халықаралық қауымдастықтың жіті бақылауында.