Соңғы үш апта ішінде АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазы арқылы шамамен 70 сауда кемесінің қауіпсіз өтуіне көмектескен. Бұл туралы ақпараттандырылған ресми тұлғаларға сілтеме жасап The New York Times басылымы хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Басылым мәліметінше, бұл қадам Иранмен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздердің тұйыққа тірелуі аясында аймақтағы қауіп-қатер күшейген кезеңде жасалған.
Дереккөздің айтуынша, АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) соңғы үш апта ішінде Парсы шығанағына кірген және одан шыққан шамамен 70 коммерциялық кемені Ормуз бұғазы арқылы алып өткен.
Сондай-ақ, ақпарат көзінің мәліметінше, кемелердің басым бөлігі тар бұғаздан өту кезінде анықталмау үшін транспондерлерін өшірген.
Ормуз бұғазы әлемдік мұнай тасымалының маңызды бағыттарының бірі саналады. Сондықтан аймақтағы кез келген шиеленіс халықаралық сауда мен энергетикалық нарықтарға әсер етуі мүмкін.