Freedom Inside '26

АҚШ Иранға қатысты теңіз блокадасын тоқтатты

АҚШ Иранға қатысты теңіз блокадасын тоқтатты
minfin.com.ua

АҚШ Иран порттарына қатысты әскери-теңіз блокадасын ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, президент Дональд Трамптың директивасына сәйкес америкалық әскери күштер енді Парсы және Оман шығанақтарында сауда кемелерінің қозғалысына кедергі келтірмейді.

Бұл шешім АҚШ пен Иран арасындағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қабылданған. Құжат тараптар арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге және келіссөздер процесін жандандыруға бағытталған.

Блокаданың алынуымен Иран порттарына қатынайтын кемелердің қозғалысы қайта жанданды. Ресми мәліметтерге сәйкес, Ормуз бұғазы арқылы миллиондаған баррель мұнай тиеген алғашқы танкерлер де өтіп үлгерген.

Соған қарамастан АҚШ әскери кемелері аймақтан шығарылмайды. Олар келісім шарттарының орындалуын бақылау үшін өңірде қала береді.

Келісімнің мерзімі әзірге 60 күнге есептелген. Осы уақыт аралығында тараптар кең ауқымды мәселелер, соның ішінде Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр.

Дегенмен Дональд Трамп Иран келісім талаптарын бұзған жағдайда АҚШ бұрынғы қатаң шараларға қайта оралуы мүмкін екенін ескерткен. Оның айтуынша, қажет болған жағдайда әскери қысым мен соққыларды жаңарту нұсқасы да қарастырылмақ.

Осылайша Ормуз бұғазы қайтадан халықаралық сауда мен әлемдік экономика үшін ашық теңіз дәлізіне айналып отыр.