АҚШ Иран порттарына бағыт алған кемелерді теңізден қайта бұғаттай бастады

АҚШ Иран порттарына бағыт алған кемелерді теңізден қайта бұғаттай бастады
CENTCOM

АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иран порттары мен жағалау аймақтарына бет алған кемелерге қатысты теңіз блокадасын қайта енгізгенін мәлімдеді. Бұл шешім АҚШ президентінің тапсырмасы бойынша қабылданған, деп хабарлайды dalanews.kz.

CENTCOM таратқан мәліметке сәйкес, қазіргі уақытта Таяу Шығыс өңірінде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 20-дан астам әскери кемесі мен жүздеген әскери ұшағы орналасқан. Қолбасшылық америкалық әскерилердің жоғары жауынгерлік әзірлік жағдайында екенін және кез келген іс-қимылға дайын екенін хабарлады.

АҚШ әскери күштері Иран порттары мен жағалауына бағытталған немесе ол жерден шығатын теңіз қозғалысын бақылауды қайта бастаған. Сонымен қатар CENTCOM Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы арқылы Иранға қатысы жоқ бағыттармен жүретін кемелердің еркін қозғалысына қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі АҚШ пен Иран арасындағы уақытша бітімнің бұзылғанын, соның салдарынан Вашингтонның теңіз блокадасын қайта енгізіп, өңірдегі әскери белсенділігін күшейткенін хабарлаған болатын.