Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлайды Dala News.
Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңір әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция өкілдері қатысты.
Жиында Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша өткен республикалық референдумның қорытындысын жариялады.
Салтанатты рәсім барысында Құрмет қарауылы жаңа Конституцияны алып кіріп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына, сондай-ақ оны іске асыру жөніндегі 2026 жылғы 15 наурыздағы Жарлыққа қол қойды.
