Осы орталықтың теологы Ерлан Досмағамбетпен дидарласқан Dalanews.kz тілшісі маманның дін төңірегіндегі ой-тоқтамын оқырман назарына ұсынғанды құп көрді.
Түсінгеніміз: "адасқан" азаматтың ойын өзгерту үшін онымен өз тілінде, діннің тілінде сөйлесу керек.
Мемлекеттің дін саласына араласқаны жөн бе?
Бұл – заман талабы, уақыт сұранысынан туындап отыр. Мемлекет алдымен тұрғындары қорғауы, қоғамның саулығын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Айталық, бір жылдары дүниені дүрліктірген "Ислам мемлекеті" басқаларға үгіт-насихатын жүргізу үшін "қара киімді" балаларды пайдаланған. Ниқаб киген балалардың фото-видеосы әлемжеліге тарап кеткен. Лаңкестік ұйымдар осы арқылы өз идеологиясын таратуды көздеген.
Біздің ел түрлі кезеңде террористік қауіппен бетпе-бет келгені рас. Бұл өз кезегінде қоғамдағы исламға деген қарсылықты күшейте түсті. Қоғам қысқа балақты, қауға сақалды, қара киімді адамдардан қаймыға бастады. Олардың жанында жүрмеуге тырысты. Олардан өзін алшақ ұстады.
Мен білсем, тахфиризмді ұстанатын (исламдағы сенбеушілікті айыптайтын радикалды идеология) отбасыларда балалар қатал, тіпті тым қатал жағдайда тәрбиеленеді. Бұл идеологияның ұстанымы сондай. Жабық. Мұның негізінде тәрбиеленген балаларда балалық шақ болмайды. Барлығынан қағылған. Құрбыларымен ойнап-күлмейді. Ойын-күлкі дегенді білмейді. Оларға теледидар көруге тыйым салынған. Мектепке баруын баратын шығар, бірақ сурет сабағына қатыспайды.
Бәлкім, бұған да шыдауға болар еді. Қауіптісі, мұндай балаларға бесіктен белі шықпай жатып адамдарды діни көзқарасына қарай жіктеуді, бөлуді үйретеді.
Өзім куә болған жайт...
Осы идеологиямен тәрбиеленген бір азамат кеңсеге кіргенде тек сақалы бар еркектермен ғана сәлемдесетін. Бұл ненің белгісі? Бұл әлгі жігіттің бала жасынан бастап сондай тәрбие алғанының, адамның мұсылман екенін тек сыртқы келбетіне қарап бағалайтынының белгісі. Бұл оның сүйегіне сіңіп кеткен...
Мұндай ұстанымдағы адам басқа қарапайым тұрғындардың бойында күдік туғызады. Баласының сыныптасы тұмшаланып жүргенін көргенде – ата-ананы үрей билейді. "Ертең балам оның арбауына түсіп, Сирияға аттанып кетсе, ол жақта қолына қару алып, қолын қанға малса, қайтпекпін" деген ойға қалады.
Бұл барлығымызға тән. Қауіптену, үрейлену, қорқу...
Әйткенмен, біздің қоғамға тағы бір дүниені түсіну керек: Мұсылман жамағаты біртекті емес. Оның ішіндегі ерекшеліктер дін Исламның түрлі ағымдары мен бағыттары арасындағы діни ұғымдар мен құндылықтардың әр тектілігінде жатыр.
Арабияда кәмелеттік жасқа толмаған қыздар орамал тақпайды
Дәл қазір мемлекеттің діннің белгілі бір талап-тәртіптеріне шектеу қойғаннан басқа амалы қалған жоқ. Мұндай шешім қабылдау да қиынға түсті. Мәселен, сіз айтқан «қара киім». Қателеспесем, бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ. Бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.
Бұған діндар адамдар да түсіністікпен қарайды деген сенімдемін. Тіпті Діни басқарма да Ханафит мазхабы бойынша кәмелеттік жасқа толмаған қыздарға тек басына орамал тартуға болатынын, ал 13-14 жасар қыз балаларға хиджаб кию міндетті емес екенін айтқан.
Сауд Арабиясы? Мен бұл елде бір емес, бірнеше рет болдым, негізі. Елдің білім беру жүйесіндегі ерекшеліктерімен таныстым. Арабияда кәмелеттік жасқа толмаған қыздар орамал тақпайды! Иә, бұл елдің діни талаптарды сақтаудағы заңы қатал да шығар, бірақ арабтардың өзі 3-5 жасар қызға хиджаб кигізгенімен діни наным-сенімдерінің артып кетпесін жақсы түсінеді. Сондықтан да діни салада өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын ұстанымды ұстанады.
Салафизмге тыйым салу. Бұл мүмкін бе?
Осы арада елдің назарынан тыс қалып жатқан бірнеше фактор бар. Салафизмге тыйым салуды жақтаушылар осыны ескере бермейді. Кез келген діни сайтқа кіріңіз, Сауд Арабиясындағы мұсылмандардың басым көпшілігі сүннит-салафит екені ашық жазылған. Жалғыз Арабия емес. Бұл бағытты сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері, Катар да ұстанады.
Арабтар лаңкестік шабуылдарға бізге қарағанда көп ұшырайды. Неге? Себебі, радикализмге қарсы тұратын жалғыз күш – діни сауаттылық. ИГИЛ-ге елден бұрын қарсы шыққан және соған орай мәлімдеме жасаған Сауд Арабиясының ғалымдары еді. "Ақниет" орталығының мамандары Сириядан оралған жерлестерімізбен тілдескен. Мынаны түсіндік. Террористік ұйымның қатарына өтпес бұрын оларға «Сауд Арабиясының патшасына деген көзқарасыңыз қалай?» деген сауал қояды екен. Содырлар үшін Арабия патшасы – тағұт (өзінен пір жасаған) және кәпір (Аллаға сенбейтін). Көрдіңіз бе?
Тоқ етерін айтқанда, салафизмге тыйым салатын болсақ, қиындықтан құтылмаймыз. Керісінше болады. Өз басымызға өзіміз пәле тілейміз. Неге? Мұндай жағдайда осы салафизмді ұстанатын Сауд Арабиясының және басқа да елдердің тұрғындарына елге кіруге тыйым салуға мәжбүр боламыз. Бұл Қазақстанның саясатына сәйкес келмейді. Себебі, аталған елдермен арадағы дипломатиялық қатынастарға нүкте қою деген сөз.
"Ақниет" орталығы лаңкестік бабымен сотталғандарды қалай "тәрбиелейді"?
Радикалдар? Олардың ойынша, намаз оқымағандардың барлығы – күнәһар.
Біз өз тарапымыздан Құрандағы және хадистегі нақты дүниелерге сүйеніп, олардың осы күнге дейін «адасып» келгенін дәлелдеп береміз. Пікір-көзқарасын түбірімен өзгертуге тырысамыз. Өзінің мұсылман екенін дәлелдеу үшін адамға «Әлхамдулиллах мұсылманмын» дегені жетіп жатыр.
Артынша ілгеріде айтқан тағұт деген түсінікті талқылап береміз. Осы бір діни түсініктерді барынша байыпты, түсінікті әрі дұрыс негізде талқылау «адасқан» бауырларымызға ерекше әсер етеді. Міне, олар сол кезде өзгереді. Осы күнге дейін теріс жолда жүргеніне көз жеткізеді. Түрмедегі теріс жолда жүргендермен тілдесуге бізге әрі кетсе екі күн береді. Оларды тура жолға түсіру үшін осының өзі жеткілікті. Бұл жазасын өтеушімен жұмыс жүргізудің алғашқы сатысы ғана.
Кейін біз бұларға қазақтың дәстүрлерін ұғындырамыз, олардың ислам дінімен қаншалықты біте қайнасып жатқанын дәлелдеп шығамыз. Беташар болсын, жеті шелпек болсын, ас беру болсын – бұлардың исламға кереғар еместігін түсіндіреміз. Соның арқасында әлгі адамның туған елінің дәстүрлеріне деген құрметі оянады. Бұл – екінші кезең. Және ең соңғысы, үшінші кезенде мемлекеттің құрылымын ұғындырамыз. Әрбір мемлекеттің үкіметі, мемлекеттік органдары болатынын құлағына құямыз.
Былайша айтқанда, бұлар өмірге қайта келеді. Себебі, көзқарасы түбегейлі өзгереді...
Осы бір ақпараттық насихаттан кейін адамның өзіне, ортасына, оқуына, жұмысына, отбасына деген көзқарасы өзгерсе, ендеше біз өз мақсатымызға жеттік деген сөз.
100 сауал және 100 жауап
Бұдан біраз уақыт бұрын "Ақниет" орталығы құқық қорғау қызметкерлеріне арнап "100 сауал және 100 жауап" әдістемесін шығардық.
Анығында, ол әдістемені түсіну үшін де сауат керек. Теріс жолға түскен адамды кері бұру, көзқарасының қателігін дәлелдеу – оңай жұмыс емес.
Лаңкестік үшін абақтыға қамалған адамға «Ханафизмге деген көзқарасың қандай?», «Намазды қалай оқисың?» деген сауал қою – қателік.
Ол жалған сөйлеуі мүмкін. "Ханафитпін, намазды да соған сай оқиым" деуі ғажап емес. Бұған сенген сіз әлгінің құжатына "түзелген" деген белгі қоя саласыз. Түрме қызметкерлері де бізге біраз жайттың басын ашқан, негізінде. "Радикал өзінің діни ұстанымын білгісі келген маманға өзін түзелген етіп көрсете салады. Әлгі маман кетіп қалғасын қайтадан бұрынғы кебін киеді» деген олар. Солай. Бұл өте ауыр жұмыс.
Әзірлеген, Аяулым ШАЙМАРДАН