15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери бөлімдерінде қызмет атқарып жүрген әскери отбасылар жайында ерекше атап өтуге болады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бүгінде өңірдегі әскери бөлімдерде 20-дан астам отбасы Отан алдындағы борышын бірге атқарып келеді. Олар тек қызметте ғана емес, өмірде де бір-біріне тірек болып, әскери ортадағы отбасы құндылықтарының жарқын үлгісін көрсетуде.
Солардың бірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы құрамындағы 5451 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген Таубаевтар отбасы. Ерлі-зайыптылар әскери қызметтің жауапкершілігін терең түсініп, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында бірге еңбек етіп келеді. Олардың отбасы әскери тәртіп пен өзара сыйластықтың, қолдау мен сенімнің символына айналған.
Сонымен қатар әскери ортада өздерінің үлгілі қызметімен ерекшеленіп жүрген Головколар отбасы мен Атантаевтар отбасы да әріптестері арасында үлкен құрметке ие. Олар күнделікті қызмет барысында кәсібилік пен табандылық танытып қана қоймай, жас әскери қызметшілерге өнеге болып келеді.
Әскери қызмет – үлкен жауапкершілік пен төзімді талап ететін сала. Ал бұл жолда отбасының қолдауы ерекше маңызға ие. Сондықтан әскери отбасылар – ел тыныштығы мен қауіпсіздігінің көрінбейтін, бірақ аса маңызды тірегі.
Халықаралық отбасы күні – отбасы құндылығын дәріптеп, бірлік пен сыйластықты нығайтатын мереке. Осындай мерейлі күнде әскери қызметті бірге атқарып жүрген отбасыларға алғыс білдіру – үлкен құрмет.