"Денис Тен, Мұқағали, Оразалы": Айнұр Тұрсынбаева сөздің құдіреті туралы жазды

"Денис Тен, Мұқағали, Оразалы": Айнұр Тұрсынбаева сөздің құдіреті туралы жазды
instagram.com/kudaibergenov.dimash. Суретте: Денис Тен

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева сөздің құдіреті мен киесі туралы пікір білдірді. Ол адамның аузынан шыққан сөз кейде өз тағдырына әсер етуі мүмкін екенін айтып, өнер адамдарының өмірінен мысал келтірді, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақынның сөзінше, айтылған әр сөздің салмағы бар. Сондықтан адам, әсіресе көпшілік алдында жүрген тұлғалар, сөйлеген сөзіне абай болуы керек. Айнұр Тұрсынбаева бұл ойын белгілі өнер иелерінің тағдырындағы оқиғалармен байланыстыра түсіндірді.

"Сөздің киесі бар. Қыршынынан қиылған Денис Теннен "спортта қай жасқа дейін жүресің?" деп сұрағанда, "25 жасқа дейін" деп жауап берген. Оның 25 ке жетпей қаза тапқаны естеріңізде шығар...

Оразалы Досбосынов деген алапат ақын досым көбінесе сөзді: "Атым Ораз болғанмен, Отыздан жасым аспаған, Иегін сақал жаппаған. Сүйінбаймын, Жамбылмын, Таңжырықпын, Шарғынмын", – деп бастайтын... Шынында жасы отыздан аспады, небәрі 29 жасында жарық дүниемен қош айтысып кете берді.

Кейін Оралдан Асылбек Исщанов деген ақын бала шықты. Сол бала өзінің ең соңғы айтысында: "Бір күнде бес ақынмен, Айтысып бәрін жеңетін, Оразалының жолын бер" деп жырлаған екен. Арада көп уақыт өтпей жап-жас Асылбек тура Оразалы ағасы құсап жол апатынан қаза тапты.

Атақты Жәнібек Кәрменовтың керемет термесі бар, сол терменің ішінде "Жалғыз шықпа сапарға, өкініште қаларсың" деген жолдар бар.. Сол Жәнібек ағамыздын жолға жалғыз шығып кетіп жүрегі тоқтап қалып, жол апатына ұшырап қайтыс болғанын біреу біліп, біреу білмес...

Атақты Мұқағалидың да: "Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде, Қырықтың бесеуінде" деген өлеңі бар.. Ақиық ақын шынында 45 жасында дүниеден өткен еді", – деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.