Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің заңсыз құрылысы фактілерінің жолы кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Нұра» ауданының прокуратурасы заңсыз құрылыс нысандарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар жүргізген.
Сәулет басқармасымен, «Астана Генплан» ЖШС мен және Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасымен бірлескен тексеру барысында елордадағы құрылыс алаңдарында елеулі заң бұзушылықтар анықталған.
Атап айтқанда, Шыңғыс Айтматов көшесі, 24/8 учаскесінің маңында жапсарлас үй жайлары мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы анықталған.
Тексеру барысында құрылыс монтаж жұмыстары сараптаманың оң қорытындысынсыз және құрылыс монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Сонымен қатар Шыңғыс Айтматов көшесі мен Е164 көшесінің қиылысында жапсарлас үй жайлары, медициналық орталығы және паркингі бар тағы бір көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы анықталған.
Прокуратура мәліметінше, бұл нысан жер учаскесіне тиісті құқықсыз, жобалық сметалық құжаттамасыз, құрылыс монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз және сараптама қорытындысынсыз салынған.
Қадағалау органы жұмыстарды тоқтату туралы хабарламалар берілгеніне қарамастан, кей құрылыс салушылар заң талаптарын елемегенін атап өтті.
Прокуратура қала құрылысы саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда екенін мәлімдеді.
Сондай ақ елорда прокуратурасы сәулет және қала құрылысы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертіп, құрылыс салушыларды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға шақырды.