Степногорск қаласында аурухананың операциялық блогын салу барысында заңбұзушылықтар тоқтатылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Степногорск қаласының прокуратурасы Степногорск көпбейінді қалалық ауруханасының «Г және Е» операциялық блогын салу кезінде заңнама талаптарының сақталуына тексеру жүргізді.
Тексеру барысында мердігер тарапынан құрылыс нормаларының бұзылғаны анықталды, бұл жұмыстардың сапасыз орындалуына және бюджет қаражатының негізсіз төленуіне әкеп соққан. Аталған заңбұзушылықтар техникалық және авторлық қадағалау, сондай-ақ тапсырыс беруші тарапынан тиісті бақылаудың болмауы салдарынан болған.
Прокуратура қадағалау актісін қарау нәтижесінде мердігермен жасалған шарт бұзылды.
Тапсырыс беруші 80 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын қайтару туралы сотқа талап арыз берді.
Денсаулық сақтау басқармасының екі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Қазіргі уақытта жаңа мердігерді тағайындау және нысанның құрылысын қысқа мерзімде аяқтау бойынша шаралар қабылданып жатыр.