Ақ үй USAID-тің күмәнді шығындарын жария етті. Ал Қазақстандағы жобалардың жайы қандай?

Көркем Алдабергенова 04 ақп. 2025 16:45 489

АҚШ Президенті әкімшілігі ондаған жылдар бойы АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі (USAID) «күлкілі әрі кейде қауіпті» жобаларға жауапсыздықпен қыруар қаржы жұмсап келгенін мәлімдеді. Ақ үй таратқан дерекке сүйенсек, салық төлеушілердің қаржысы отандық емес, өзге елдердегі «трансгендерлік опера» мен «трансгендерлік комикс», ирландиялық мюзикл, Мысыр туризмін жандандыру, тіпті «Әл-Каида» содырларын тамақтандыру секілді даулы бастамаларғ бағытталған, деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

АҚШ әкімшілігі бұл тізімнің әлі де ұзақ жалғасатынын ескертеді. Құжатта Вьетнамдағы электромобильдерге 2,5 млн доллар, Мысыр туризмін қолдауға 6 млн доллар және Ауғанстандағы апиын егістігін суғаруға кеткен жүздеген миллион доллар да бар. Ақ үйдің хабарлауынша, мұндай шығындар «талай жыл бойы бақылаусыз жалғасқан». Енді Трамп әкімшілігі оларды дереу тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді.

Қазақстандағы жобаларға көз жүгіртсек

USAID елімізге тәуелсіздік алғаннан бастап қолдау көрсетіп келеді. Агенттік қаржысы Қазақстанда азаматтық қоғамды дамыту, өңірлік басқару, жасыл энергияны енгізу және цифрландыру саласындағы жобаларға жұмсалған. Аймақтық бастамалардың қатарында «Тиімді басқару бастамасы» (6,9 млн доллар) бар. Бұл жоба Қазақстан мен Тәжікстандағы үкіметтік емес ұйымдарға тірек болуды көздейді.

Сондай-ақ биыл басталған «Бірлескен басқару – ортақ жауапкершілік» атты төрт жылдық жоба Павлодар, Жетісу, Ұлытау мен Батыс Қазақстан облыстарындағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейтуге бағытталған. Бұдан өзге, Орталық Азия елдеріндегі азаматтық институттарды нығайтуға 18 млн доллар бөлініп отыр. Агенттік 39 млн доллар көлемінде қаржы салған жаңартылатын энергия көздерін дамыту жобалары да – қоғам мен қоршаған ортаға пайда әкелуді көздейтін шаралар.

Трамптың шешімі және оның ықпалы

Президент Дональд Трамп қызметіне кіріскен сәтте-ақ «америкалықтардың негізгі мүдделерін қорғау үшін» бірқатар бұйрық шығарған болатын. Соның бірі шетелдегі даму бағдарламаларын қаржыландыруға уақытша тыйым салуды көздейді. Ақ үй өкілдерінің пікірінше, бұл қадам USAID бастаған мекемелерде «төгіп-шашып» жатқан қаржыны қысқартып, мемлекеттік қаражаттың ашықтығын арттырады.

Дегенмен сарапшылар «АҚШ-тың халықаралық аренадағы ықпалы тек әскери қуат пен дипломатиялық байланыстарға ғана емес, сонымен бірге даму жобалары арқылы орнығатынын» еске салады. Сондықтан АҚШ-тың жаңа бюджет саясаты Қазақстан секілді елдердегі бірқатар бастаманың болашағына да әсер етуі ықтимал. Президент Трамптың бұл қадамының нақты салдарын уақыт көрсетпек.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар