Әнші Qarakesek-ке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Көркем Алдабергенова 26 қыр. 2025 10:19

Полиция танымал орындаушы Qarakesek-тің (Омар Амантаев) есірткі сақтады деген күдікке ілінуіне байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ІІМ хабарлауынша, Омар Амантаев Ақтөбеде ұсталғаннан кейін, әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған межрайондық сот оның көлікті мас күйінде басқарғанын анықтап, кінәлі деп таныды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.

"Есірткі құралдарын сақтау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабының 2-бөлігіне сәйкес («Есірткі заттарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау») сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", – деді ІІМ Tengrinews.kz-тің ресми сауалына берген жауабында.

Егер музыканттың кінәсі дәлелденсе, оған 160 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы – 629 120 теңге) айыппұл салынуы, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуы немесе 40 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Бұған дейін рэпердің тек әкімшілік қамауға алынғаны хабарланған еді. Ал есірткі сақтау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны полиция тарапынан айтылмаған.

Еске салсақ, қыркүйек айының басында Ақтөбе полициясы 31 жастағы рэп-орындаушыны есірткілік мас күйінде ұстаған. Оның жанынан ұнтақ тәрізді зат салынған зип-пакет табылды.

Qarakesek – Омар Амантаевтың сахналық аты. Ол 1994 жылы 17 қазанда Орал қаласында дүниеге келген. Музыкалық жолын интернетте қарапайым веб-камераға бейнероликтер түсіріп, желіге жариялаудан бастаған. 18 жасында алғашқы екі альбомын шығарды. Qarakesek Қазақстандағы ең үздік лирикалық рэп-орындаушылардың бірі саналады. Оның бейнебаяндарын YouTube-та миллиондаған адам тамашалайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар