"Англияда құлпынай тер" деген жарнамаға алданған бір топ алматылық шу шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz "КТК" телеарнасына сілтеп.
Барлығы - Англияға барып, мол табыс тапқысы келгендер. Телеарна мәліметінше, "құлпынай, гүл теріп, қалтаңды қампайтасың" деп уәде еткен - Tabystap компаниясы.
"Тоғыз ай ішінде жұмысқа орналастырамыз. Тоғыз ай ішінде жұмыс тауып бермейтін болсақ, ақшаларыңызды қайтарып береміз деп бізбен келісімшартқа отырды. Тоғыз ай емес, міне бір жыл өтті, бізді ешқандай жұмысқа орналастырған да жоқ. Ақшамызды да қайтарып берген жоқ. Компанияға келсек, есігін жауып, кілттеп, қашып кеткен. Ешқандай телефонын алмайды", - дейді Гүлнұр Кәрім.
Желідегі жылтыраған жарнамаға сеніп, 300-ден аса азамат сан соғып қалыпты. Жүктеген видеоларында клиенттері кезек-кезек алғысын жаудырып жатқан көрінеді. "Мұның бәрі тап-таза көзбояушылық", - дейді алданған жұрт. Англия асқысы келгендердің әрқайсы компания шотына 750 мың теңгеден аударған.
Олар жаппай арыз жазған.
"Полицияның бірнеше басқармасына арызданушылар келіп, шағым берген. Барлығы бір өндіріске біріктіріліп, ҚР ҚК 193-бабының үшінші тармағы бойынша іс жүргізіліп жатыр", - деді Алматы ПД ресми өкілі.
