Анасын пышақтаған күдікті Вьетнамнан Қазақстанға қайтарылды

Анасын пышақтаған күдікті Вьетнамнан Қазақстанға қайтарылды
видео кадры

Вьетнамнан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірген күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігі Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы елшілігінің жәрдемдесуімен Қазақстан азаматын экстрадициялады.

Ол былтыр қарашада өз үйінде алкогольдік масаң күйде болып, жанжалдан кейін анасына пышақпен бірнеше рет соққы жасағаны үшін күдікке ілінген.

Қылмыс жасағаннан кейін заңда белгіленген жауапкершіліктен жалтару мақсатында күдікті бой тасалап, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында оның Вьетнам Социалистік Республикасы аумағында жүргені анықталып, маусымда Дананг қаласында ұсталған. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.