Оған алаяқтықпен айналысты, мемлекетке үлкен көлемде зиян келтірді деген айып тағылған. Қазір жазасын Павлодар облысындағы түрмеде өтеп жатқан кәсіпкердің анасы мен адвокаты үкіммен келіспейді. Сол себептен де олар Астанаға келіп, журналистерден араша сұрады.
Кәсіпкердің анасы әрі қоғамдық қорғаушысы Ғалия Тоқбердиева ұлының қызметі шаруаларға тек пайда әкелгенін айтады.
«Ақмола облыстық антикордың тергеушісі менің ұлымның соңына шам алып түсті. Сосын шаруа қожалықтарына қысым көрсетіп, жалған куәлік етуге көндіріп, сол үшін соттап отыр.
Медет мемлекетке ешқандай зардап келтірген жоқ. Бірақ сот 98 миллион теңгені қолды қылды деген шешім шығарды. Тағылған айып бойынша, ұлым орнатқан күн панельдерін шаруа қожалықтар пайдаланбай отыр.
Ал шын мәнінде олай емес. 150 шаруа қожалығы иелерінің барлығымен жолықтым. Қай-қайсы болса да қондырғылардың қызығын көріп отыр», - дейді ол.
Ғалия Тоқбердиеваның пайымынша, антикор тарапынан шаруа қожалықтарына қысым жасалған. Тергеу жүріп жатыр, панельдерді пайдаланбай қоя тұрындар деген соң, кейбіреуі күте тұрған. Алайда сот аяқталса да, олар шаруа қожалықтарына қайта бармаған көрінеді.
«Іс бір жақты жүргізілді. Шаруа қожалықтарының сөзі мүлдем қаралмады. Енді күн панельдерін алып кететін болсақ, олар көтерілеміз деп отыр. Шаруалар қысым жасалғанын сотта да айтты. Бірақ оған мүлде мән берілмеді. Мемлекет күн панельдеріне 2,5 миллион теңге деген шектік баға қойған. Медет ол сомадан аспады. Ешқандай сараптама жасамай, соттап жіберді», - дейді кәсіпкердің анасы.
Медет Ахметовтің қазіргі адвокаты, заңгер Бауыржан Азановтың сөзінше, шаруа қожалықтары өздерін ешқандай жәбірленуші ретінде танып отырған жоқ. Мемлекетке де зардап келмеген. Кәсіпкер артық баға қоймаған.
«Медет Ахметов қылымыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотталған. Бұл алаяқтық. Бірақ қорғаушы ретінде айтарым – оның әрекетінде алаяқтық фактісі жоқ. Бірінші сатылық сотта Антикор мен прокуратура артық баға қою деген айып таққан жоқ. Ол үшін бірнеше сараптама жасап, қорытынды шығарылуы тиіс. Мұның бірі де болмаған. Екіншіден, жәбірленушілердің тарапынан арыздар да жоқ. Ақмола облысының ауыл шаруашылығы басқармасы да сотқа ешқандай шағым түсірмеді. Анасы айтып отырған 98 миллион теңге туралы талап-арызды әлі көрмедік. Біздің қорғау тарабының сұрағы – осындай шешім шығарғанда сот қандай заңға сүйенді? Өйткені 190-бапқа сәйкес мемлекет аса ауыр зардап шегу қажет. Бұл жерде оның бірі де болған жоқ», - дейді Бауыржан Азанов.
Сотталушының жақындарының сөзінен белгілі болғандай, бұл іс ауылға прокуратура қызметкері келген кезде басталған.
Яғни жиналыс кезінде шаруа қожалықтарының жетекшілерінің бірі, 85 жастағы қария Медет Ахметовтің күн панелін уақытында жеткізбегенін айтқан. Бірақ арыз жазбаған. Осыдан кейін тексеріс басталып, ақыр соңы осылай аяқталған.
Медет Ахметовтің ісі қазір қоғамның бақылауында. Кәсіпкердің жақындары осы әділетсіз үкімге қатысты араша сұрайды.