Амандық Баталов: "Биыл 1447 отбасыны баспанамен қамтамасыз етеміз"

Dalanews 04 қыр. 2019 14:29 784

Бүгін облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын талқылау жөніндегі актив жиыны өтті.

Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қуаныш Асылов қатысты. Жиында Амандық Баталов Жолдауда белгіленген тапсырмаларды іске асырудағы облыстың атқарушы органдарына жүктелетін міндеттерді айқындап, тапсырмалар берді, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өз баяндамасында облыс әкімі Жолдаудағы әр тармаққа кеңінен тоқталып, сол бағыттар бойынша өңірде атқарылатын істерді атап өтті. Мемлекеттік қызметтегі басымдық қоғаммен пікір алмасуға, ашықтыққа, халықтың талап-тілегіне жедел үн қатуға бағытталуы керектігі айтылды.

Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен күресті жүйелі жүргізу мақсатында Ведомствоаралық өңірлік комиссия жұмысын күшейту міндеттелді. Сол сияқты интенсивті дамыған және инклюзивті экономика жөнінде де сөз қозғалды.

-  Алдағы 5 жылдыққа Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын дайындағанда әр ауданның өз басымдық беретін маманданған бағыты есепке алынуы қажет. Әкімдер отандық және шетелдік инветорларды тарту жұмыстарын күшейтуі тиіс. Жолдауда Президент баға мен тарифтерді қалыптастыру мәселесімен жүйелі түрде айналысу туралы айтты. Бұл мәселеде монополияға қарсы аумақтық департаментпен бірлесіп, ТҮКШ саласындағы табиғи монополиялар субъектілері тарапынан тұтынушылар қаржысының мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтуді, тарифтердің өсуін тежеу шараларын қабылдауды тапсырамын, - деді А. Баталов.

Халық тұтынатын тауарлар өндіруге бағытталған «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселесі де ұмыт қалған жоқ.

Облыс әкімінің айтуынша, осыған қатысты 7 жоба 6,4 млрд. теңгеге банктердің мақұлдауын алған. Үкімет тарапынан бұл бағдарламаға 600 млрд. теңге бөлініп отырғанда, аудан, қала әкімдері бағдарламаға басымдық беріп, мақұлданған соманы әлі де арттыруға күш салуы тиіс.


Шағын және орта бизнесті дамытқанда ауылдықтарға тұрақты жұмыс беріп, жұмыссыздықты азайтып, жергілікті бюджетті нықтауға жағдай жасалады.

Бұл орайда Үкімет жаңа «Бизнестің жол картасы» бойынша алдағы үш жылға қосымша  250 млрд. теңге бөлуді жоспарлап отыр. Салықтағы жеңілдіктер, тексеруге тыйым салу да ШОБ-ның жаңа тысын ашуға ықпал етпек.



Осыған орай облыс әкімі Амандық Баталов аудан, қала әкімдерін отбасылық бизнестердің ашылуына, бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасылардың жеке іс бастауына, яғни әлеуметтік аспектілерге екпін түсірілген бизнесті қолдау шараларын қабылдауға міндеттеді.

Сол сияқты ауыл шаруашылығын дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, әлеуметтік саланы қолдау шараларына да тоқталып өтті. Мәселен, облыста 220 мың га суармалы жерді айналымға тарту жұмысы басталған, оның 39 мың гектары ағымдағы жылы қалпына келтіріледі.

Агроөнеркәсіп кешенінің қайта өңделген өнімі экспортын ұлғайту үшін трансұлттық компаниялардың қатысуымен алдағы уақытта үш ет өңдеу кешенін іске қосу жоспарланған.


Әлеуметтік салада мұғалімдер мәртебесі, көп балалы және аз қамтылған отбасы балаларына көрсетілетін қолдаулар, ана мен бала өлімін болдырмау, мүгедек балаларға жасалатын мүмкіндіктерді молайту, атаулы әлеуметтік көмек шаралары және басқа да мәселелерге кеңінен тоқталды.  

- Президент кезекте тұрған аз қамтылған  көп балалы отбасыларды баспанамен қамту мәселесін үш жыл ішінде шешуді тапсырды. Бізде олардың саны бес мыңнан асады.  Бұл мақсатқа 2022 жылға дейін 240 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша облыста 657 өтініш қабылданған, соның 286-сы мақұлданды. Биылғы жылы барлық бағыт бойынша 1447 отбасын қамтамасыз етеміз деп жоспарлап отырмыз.

Тағы бір мәселе – тұрғын үй қорларын жөндеу мен қайта жаңғырту. Бұл мақсатқа өңірлерге екі жылда бюджеттік несие түрінде 30 млрд. теңге бөлінеді. Қазіргі кезде облыста 3566 көп пәтерлі тұрғын үй бар, соның 1998-і жөндеуді қажет етеді. Сондықтан осы бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалану керек, - деді А. Баталов.

Баяндама барысында биылғы жылдағы меже орталықтандырылған ауыз сумен қамтуда - 91%, жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жолдың үлесі 78% екені де айтылды. Осы және өзге де міндеттерді бірлесе атқара отырып, облыс экономикасының қарқынды дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға әр аудан, қала әкімі мен сала басшылары атсалысу керектігі ескертілді. 

Жарыссөзге шыққан Іле аудандық мәслихатының хатшысы Роза Абилова, «Аксель А» ЖШС директоры Айдын Иманбеков, Бикен Римова атындағы драма театрының әртісі, ҚР мәдениет қайраткері Ғалия Темірбаева, Талдықорған политехникалық колледжінің оқытушысы Игорь Скоромный, Панфилов аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Алмаз Батырхан Жолдауға қатысты өз ой-пікірлерін білдіріп, ортақ іске жұмыла кірісетіндіктерін жеткізді.

 

Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар