"Amanat" партиясынан Мәжіліске ұсынылған кандидаттардың құжаты ОСК-ға тапсырылды

Dalanews 09 ақп. 2023 08:57 776

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясына «AMANAT» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауына кандидаттарды ұсыну туралы құжаттар топтамасы тапсырылды.

Күні кеше «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXV Съезінің шешімімен Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде партиялық тізім бойынша 90 адам ұсынылды.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев аз ғана уақыт ішінде Мәжіліске және барлық деңгейдегі мәслихаттарға ең лайықты үміткерлерді іріктеу бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Ел аумағындағы өңірлік сайлау комиссияларына «AMANAT» партиясынан мәслихат депутаттығына 3821 кандидаттың құжаты ұсынылды. ОСК-ға тапсырылған партиялық тізімде квота сақталып, үміткерлердің 30%-дан астамын әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар құрады. Сайлау әділ, таза өтеді деп сенеміз және алдағы саяси додаға толық дайынбыз», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Сондай-ақ, бүгін «AMANAT» партиясынан Мәжіліске бірмандатты округтер бойынша ұсынылған кандидаттардың құжаттары тиісті округтік сайлау комиссияларына ұсынылды.

Орталық сайлау комиссиясының отырысынан кейін партияның Атқарушы хатшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Партиялық тізімдер бойынша ұсынылған кандидаттардың толық тізімімен осы сілтеме бойынша танысуға болады: https://t.me/AMANATPartiyasy/9852. бірмандатты округтер бойынша: https://t.me/AMANATPartiyasy/9853.

Сайлауалды бағдарламаның толық мәтіні үгіт-насихат кезеңінің алғашқы күнінде жарияланып, партияның сайтына орналастырылады.

«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі


Суретті түсірген Әли Ғалым


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар