Әлия Назарбаева күзетті күшейтіп, Қарағандыдағы активін бермей қойған

Көркем Алдабергенова 01 нау. 2024 12:42 33025

Қарағанды облысындағы "Recycling Сompany" ЖШС зауытында мүлікті түгендеу керек болған сот орындаушылары кәсіпорынға кіре алмай қойған. Әлия Назарбаеваға қатысы бар "ӨКМ операторының" ісі бойынша бұл зауыт мемлекет пайдасына тәркіленуі керек болған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қоғам белсендісі Жарқын Күрентаевтың сөзінше, 2023 жылғы шілдеде Астана соты шығарған ӨКМ операторының топ-менеджерлеріне қатысты үкімге сәйкес, "Recycling Company" ЖШС есепшотындағы қаражат, сондай-ақ кәсіпорынның өзі мемлекет пайдасына тәркіленген. Зауыт Қарағанды ​​облысындағы Доскей ауылында орналасқан және ескі көліктерді қайта өңдеумен айналысады.

Биыл ақпанның соңында компанияға қатысты атқарушылық өндіріс басталды. Сот орындаушылары кәсіпорынға түгендеу жұмыстарын жүргізу үшін келгенімен, олардың зауытқа кіруіне бірнеше күн бұрын күзетшілер кедергі келтірген.

"Мемлекеттік сот орындаушылары мүлікті түгендеу және сот үкімінде көзделген басқа да қажетті қызметті жүзеге асыру үшін зауытқа кіре алмаған. Олардың айтуынша, Әлия Назарбаева ханым зауытта қауіпсіздікті күшейткен. Ал олардың заңды талаптарына қарамастан, күзетшілер оларды ішке кіргізбей қойды. Осыдан кейін сот орындаушылары прокуратурамен алдағы іс-әрекеттерін анықтау үшін Қарағандыға оралды. Прокуратура өкілі жағдайды қарап шығуға уәде берді", - дейді Жарқын Күрентаев Orda.kz-ке.

Күрентаевтың айтуынша, зауытты тәркілеуге нақты кім кедергі келтіргені белгісіз. Бірақ келесі жолы сот орындаушылар кәсіпорынға СОБР сарбаздарымен бірге бармақ - прокуратура сот орындаушыларына қолдау көрсетуге уәде берген. Компанияның мүлкін тәркілеу шаралары кейінге қалдырылып, енді 1 немесе 4 наурызда өтеді деп жоспарланып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Әлия Назарбаева мен Конституциялық Кеңестің бұрынғы басшысы Валентина Роговаға "рейдерлік шабуыл жасады" деген айып тағылған болатын. 

"2003 жылы (Назарбаева – ҚазТАГ) өз үстемдігін пайдалана отырып, құны 170 миллион долларды құрайтын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасы мен 96 жанармай құю бекетінен тұратын кәсіпорынды қолды еткен. Ал бұрынғы иелерін "түрмеге қамап, дене жарақатын саламын" деп қорқытқан. Тіпті тапа тал түсте кәсіп иелерінің бірінің әкесін ашық түрде ұрлап әкеткен. Бұл өзінің ықпалын көрсету үшін жасалған әрекет.

Куәгерлердің айтуынша, адам ұрлауға құқық қорғау органдарының қатысы болуы мүмкін. Қылмысқа сыбайлас қатысушы Валентина Рогова болған.

Ол - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Президенттің көмекшісі, Президенттің кеңесшісі және басқа да көптеген мемлекеттік қызметтерді атқарған Игорь Иванович Роговтың әйелі", - делінген Ұлттық баспасөз клубының хабарламасында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар