Әлия Арзиева: «Білім берудің жаңа жүйесі оқушылардың сауатты, бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді»

Dalanews 30 қаз. 2020 07:24 1502

Таяуда Алматы қаласында орналасқан «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру институты бөлімшесінің Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Әлия Арзиевамен тілдесіп, білім беру саласында озық технологияны қолдану барысы жайында сұхбаттасудың сәті түсті. Өз кезегінде білікті маман пандемия кезінде ақпараттық технологияларға сүйеніп, білім берудің маңызы жайында кеңінен әңгімелеп берді. Енді сол сұхбатымызға назар аударсаңыздар.



– Әлия Тоқтамысқызы, бүгінде білім беру бағдарламаларына көптеген жаңалықтар еніп жатқанын оқулықтарды ашып қарағанда көзіміз жетіп жатады. Осы өзгерістердің мәні мен мазмұны жайында және олардың мектеп оқушыларының таным көкжиегін кеңейтуден қаншалықты орын алатынын талдап айтып берсеңіз?

– Бүгінде біздің кафедрамыздың мамандары қазіргі білім мазмұнын жаңарту жағдайында әрбір мектептерде әрбір пән бойынша білім бағдарламаларын енгізу бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте біздер бірінші кезекте мектептегі ұстаздар қауымының іс-тәжірибесіне маңызды өзгерістер енгізіп, олардың біліктілігін шыңдауға баса мән береміз. Бүгінде әрбір пән бойынша білім беру бағдарламалары дайындалып, жұмыс істеп жатыр.

– Қанша пән бойынша білім беру бағдарламалары дайындалды?

– Біздің институт алты пән бойынша білім беру бағдарламаларын дайындады. Білім беру бағдарламалары мұғалімдердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Бұл бағдарламаларды тәжірибелі мамандар дайындағаннан кейін оны ҚР Білім және ғылым министрлігі бекітеді. Сол бекітілген бағдарлама бойынша «Өрлеу» педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру институты ұстаздарды жинап, жаңа бағдарламаның қыры мен сыры жайында оқытады.

Осы ретте білім берудің мазмұнын жаңғырту жағдайындағы білім бағдарламаларын 2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» жанындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» дайындап, елімізге таратқан болатын. Осы орталықтың таратқан білім бағдарламалары қазіргі таңда мұғалімдердің біліктілігін көтеруде басты шамшырақ болып отыр.

– Оқу бағдарламаларының да өзгергенін айтып қалдыңыз. Сонда жаңа оқу бағдарламасының бұрынғы дәстүрлі оқу бағдарламаларынан қандай өзгешелігі бар?

– Сұрағыңыз орынды. Жаңа оқу бағдарламасының дәстүрлі оқу бағдарламалардан басты ерекшелігі ұстаздар оқушыларға білім беріп қана қоймайды, сонымен қатар оларды функционалдық сауаттылығын арттыруға күш салады. Дәстүрлі білім беру бағдарламаларында оқушылар тек қана білім алса, жаңа оқу бағдарламасында жастар алған білімін іс-тәжірибе барысында пайдаланып көретінімен ерекшеленеді. Бұл ретте жаңа оқулықтар, мұғалімдер үшін оқу-әдістемелік құралдар және оқушыларға қажетті дидактикалық құралдар мен оқу дәптерлері дайындалған болатын. Қазіргі таңда білім саласында бұл өзгерістер өз жемісін бере бастады.

Осы ретте оқулықты дайындаған ғалымдарымыз оқушылардың коммуникативті дағдыларын дамытуға баса мән беріп, өмірден алған мәтіндерді енгізгенін атап айтуға болады. Осылайша, оқушылар білім мазмұнын жаңарту жағдайында инновациялық және ақпараттық технологияларды күнделікті өмірде пайдаланып, шынайы өмірге сәйкес білім алуда.

– Әлия Тоқтамысқызы, балаларға сабақ бергенде қандай инновациялық, ақпараттық технологияға сүйенесіздер. Осыны оқырмандарымызға қарапайым тілімін түсіндіріп берсеңіз?

– Ақпараттық технологиялар бойынша айтатын болсақ, үстіміздегі жылдың сәуір айында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің еліміздегі білім беру мекемелерін қашықтықтан оқыту жүйесіне көшіру турасында бұйрығы шыққанын білесіз. Осы күннен бастап біздің институт мұғалімдердің ақпараттық құзіреттілігін дамытуға күш салып жатырмыз. Яғни біздер ұстаздар қауымына арнап Zoom, WhatsApp жүйесінде қашықтан қалай білім беруге қатысты вебинарлар ұйымдастырдық. Бұдан басқа Цифрлық білім беру ресурсында әр пән бойынша қашықтан оқытудың онлайн сабақтарын дайындадық. Қазіргі таңда «Өрлеу» институты мамандары дайындаған сабақтардың саны 5 мыңнан асып кетті. Осы сабақтардың бәрі институттың порталына орналастырылған. Мұғалімдер бұл сабақтарды еркін пайдалана алады.

Айталық, әдебиет пәніне арналған онлайн сабақта бір тақырыпты қалай игеруге қатысты әдіс-тәсілдер бүге-шігесіне дейін көрсетілген. Бірінші кезекте оқушылар белгіленген тақырыпты Джигсо әдісі бойынша оқып шығады. Содан кейін тақырыптағы мәтін бойынша оқушылар сұрақтар құрастырып, оған жауап береді. Бұдан кейін оқушылар «Блум таксономиясы» бойынша мәтіндегі кейіпкерлерді анықтап, оларға мінездеме береді.

– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, «Блум таксономиясы» деген не?

– Бенджамин Блум – америкалық оқыту әдістемесінің психологі, Блум таксономиясының авторы. Ол «Блум таксономиясы» атты кітабында өз теориясын дамытып, ол 1956 жылы «Блум таксономиясы» сын тұрғысынан ойлаудың иерархиялық моделін ойлап тапты.

Блум жүйесі арқылы уақытты тиімді пайдалана отырып қолдануға және сапалы білім мен оқушылардың өзін-өзі бағалауға қол жеткізуіне мүмкіндік туады. «Блум таксономиясы» алты ойлау деңгейлерімен көрсетіледі. Олар – білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау және бағалау. Осы әдіс арқылы біздер білім мазмұнын жаңарту жағдайында оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік аламыз.

Осыған дейінгі дәстүрлі білім беру жүйесі бойынша оқушыларымыз білу және түсіну деңгейінде біліп алып келген еді. Ол ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда аздық етеді. Сол себепті қазір оқушыларымызға білім беруде «Блум таксономиясын» қолданып, кешенді білім беріп жатқан жайымыз бар.

– Ата-аналар білім беру саласындағы осындай әдіс-тәсілдерді түсінбей, біраз сын айтатыны жасырын емес. Бұны қалай қабылдайсыздар?

– Әрине, кез келген жаңа дүниенің ортаға сіңісіп кетуі қиын. Сондықтан ата-аналардың сындарына түсіністікпен қарауға тырысамыз. Ал білім берудің жаңа жүйелері болашақ ұрпақтың сауатты, бәсекеге қабілетті болуы үшін аса қажет.

Бір сыныпта жиырманың үстінде бала білім алатыны белгілі. Олардың оқу үлгерімі, тақырыпты түсінуі түрлі деңгейде болады. Дәстүрлі білім беру бағдарламасы бойынша балалар сабақты біліп, түсініп қана келді. Осылайша, біздер оқушылардың қолдану, талдау, жинақтау және бағалау сынды қасиеттерін дамыта алмадық. Жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырып, балалардың кең ойлауына мүмкіндік туғызып отыр. Бүгінде ұстаздар қауымы оқушылардың сыни тұрғысынан ойлау жүйесін дамытуға баса мән беріп отыр. Ата-аналар осы жайтты түсінуі керек.

– Жаңартылған оқу мазмұны жағдайындағы білім бағдарламасы әрбір оқушыға жеке тұлға ретінде қарауды көздейтін болып тұр ғой?

– Әрине. Мұғалім сыныптағы әрбір оқушының талантын ашу үшін «Өрлеу» институты дайындағын білім бағдарламалары бойынша біліктілігін көтеруі керек. Сол кезде олар көздеген мақсаттарына қол жеткізеді.

– Жаңа білім бағдарламасының қолданысқа еніп, жаңа заманның ұстаздарын дайындау ісінің қолға алынғанына бес жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында Алматы қаласы бойынша қанша мұғалімнің біліктілігін көтердіңіздер?

– Бұл сұрағыңызға институтымыздың академиялық бөлімінен нақты жауап алуға болады. Бүгінде біздің институт жыл сайын екі мыңнан астам мұғалімнің біліктілігін көтереді. Осыдан қарап-ақ бес жыл ішінде он мыңнан астам мұғалімнің біліктілігін көтердік деп нық сеніммен айтуға болады. Жалпы, Алматы қаласында 17-18 мыңдай мұғалім бар. Қазіргі таңда біздің институт олармен тығыз жұмыс істеуде.

– Біліктілігін жетілдіріп, балаларға сапалы білім беруге бет бұрған мұғалімдер материалдық тұрғыдан қандай да бір қолдауларға қол жеткізе ала ма?

– Әрине. Өзінің біліктілігін көтерген мұғалімдерге қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі «Педагог мәртебесі» заңы аясында барынша қолдау көрсетіп отыр. Қазіргі таңда төрт категория бойынша біліктілігін көтерген шебер мұғалімдердің айлығы 300-400 мың теңгені құрайды. Бұл өзін-өзі дамытуға бет бұрған мұғалімдер үшін үлкен қолдау деп есептеймін.

– Әлия ханым, бүгінде таяқ лақтырсаңыз мұғалімдердің біліктілігін көтеру орталықтарына барып тиеді. Осыншама орталық бізге қажет пе? Мұндай орталықтар білім сапасының құлдырауына кесірін тигізіп отырған жоқ па?

– Сұрағыңыз өте орынды. Қазіргі таңда ұстаздардың біліктілігін жетілдіру орталықтары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақ секілді қаптап кетті. Меніңше, олардың көздеген мақсаты – ақша табу. Олар білім беру саласының аяғына тұсау салып отыр деп есептеймін.

Иә, нарық заманда әр салада бәсеке болуы керек екенін түсінеміз. Бірақ мұндай әлжуаз орталықтар «Өрлеу» сынды 60 жылдық тарихы бар педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін жетілдіру институтымен бәсекеге түсе алмайды. Әңгіме арасында онлайн оқу кезінде біздің мамандар 5 мыңнан астам бейнесабақтар түсіріп, порталға орналастырғанын айттым ғой. Осындай ауқымды жұмысты бізден басқа ешқандай орталық іске асырған жоқ. Сондықтан ҚР Білім және ғылым министрлігі қаптаған орталықтардың жұмысын үйлестіру керек деп есептеймін. Алдағы уақытта бұған да кезек келетініне сенімдімін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар