Әлихан Смайылов: Екпеден әдейі бас тартқан ата-ана көп

Dalanews 09 қаң. 2024 07:49 943

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жаңа жылдағы бірінші Үкімет отырысында Қазақстандағы қазіргі санитариялық-эпидемиологиялық ахуал қаралды.

Мониторинг қорытындысы бойынша өткен жылы ең қауіпті инфекциялармен ауырған науқастар тіркелмеген.

«Тек өткен жылдан бері елімізде қызылшамен ауырғандар саны айтарлықтай өсіп кетті. Ол соңғы 10 жылда болмаған көрсеткішке жетіп отыр. Олардың 80%-ға жуығы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ауырғандардың көпшілігі – тиісті екпе алмағандар», – деді Әлихан Смайылов.


Үкімет басшысы екпе алмаған науқастардың ауруы асқынып кету қаупі жоғары екенін айтты. Дегенмен ата-аналардың арасында балаларына екпені әдейі салғызбай, бас тартып отырғандардың қатары аз емес, мұның соңы ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін.

«Жағдайды тұрақтандырудың жалғыз жолы – екпе салу. Қызылшаға қарсы жаппай иммунизация жүргізу үшін қосымша 1,5 млн доза вакцина сатып алынды. Осы мақсаттар үшін Үкімет өткен жылдың қыркүйек айында резервтен 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Алайда, көріп отырғанымыздай, кейбір өңірлерде қызылшаға қарсы иммунизациямен қамту деңгейі әлі де төмен. Жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек», – деді Үкімет басшысы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар