Осы ретте Алаштың ардақты азаматы, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың кезінде «Шынның жүзі» бағдарламасында айтқан төмендегі ойы көпшілікке ой салар деген ниетпен сайтымызға әдейі жариялап отырмыз.
Алтекең «не дейді» дейсіз ғой. Белгілі журналист Қасым Аманжол:
– Алтеке, сіз Мәдениет министрі болып тұрғанда театрдағы қойылымдардың премьерасына сирек баратынсыз. Тіпті, сізді театрға мүлде бармады десе болатындай?.. – деп көкейде жүрген сауалын қойыпты.
Журналистың сұрағына Алтынбек Сәрсембаев өзінің министр болып тұрғанда өзге министрлер секілді нөкерлерін ертіп, алдыңғы қатарда отырып, жұрттың назарын өзіне аудармағанын айта келе, ойын былайша сабақтапты:
– Мен театрға барғанды жақсы көремін. Бірақ мүмкіндігінше театрға қарапайым көрермен секілді билетті өз ақшама сатып алып, жұртпен бірге қойылымды тамашалағанды жаным қалайды.
Бірде белгілі режиссер Болат Атабаев өзінің қойылымында менің залда отырғанымды байқап қалды. Содан соң театр қызметкерлері сол кездегі театрдың директоры Тұңғышбай Жаманқұлов ағымызға «театрды министр отыр» деп телефон соғыпты.
Тұңғышбай ағамыз қойылымның екінші бөлімінеде үйде жатқан жерінен келіп «Алтеке келетініңізді неге күні бұрын айтпадыңыз?» демесі бар ма?
Мен сол кезде: «Мен сіздерді мазалау үшін емес, мына қойылымды азамат ретінде тамашалауға келдім. Залда өзімді министр ретінде сезінгім келмейді. Қарапайым көрермен ретінде рухани ләззат алу үшін келдім. Мен театрға өз аяғыммен келіп, өз аяғыммен кететін көп көрермендердің бірімін» деп жауап бердім.
Жалпы, театрға шабармандарды ертіп, жұртты дүрліктіріп бір рет келіп, отыз күн айтып жүретіндей әрекетке баруға болады. Сонымен қатар театрға көп көрерменнің бірі ретінде жылына он рет келіп, ешқандай саяси жарнама жасамауға болады, – деп тамаша жауап берген еді.
Иә, болмашы дүниеден жарнама жасып, жұртты дүрліктіруге жаны құмар жұрт Алтекеңдей азаматтан үлгі-өнеге алсын деп осы дүниені әдейі жазып отырмыз. Әрине, мұны ұғатын көкірек, тыңдайтын құлақ болса қанеки?
Нұрлан ЖҰМАХАН
[video width="720" height="540" mp4="https://dalanews.kz/wp-content/uploads/2018/04/dalanews-tv.mp4"][/video]
https://dalanews.kz/9192