Танымал композитор, көптеген хит әндерднің авторы Алтынбек Қоразбаев жас кезінде Мақпал Жүнісованы ұнатып, оған ән арнағанын мойындады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
«Ұйқым келмейді» бағдарламасына қонақ болған өнер иесі отыз жыл бұрынғы оқиғаларды есіне алып, естеліктерін бөлісті.
"Мен шын ғашық болсам, ұрып-жығатын қасиетім бар. Әзіл-шыны аралас, Мақпалға ғашық болғаным рас. Қуыршақтай қыз еді. Осыдан 33 жыл бұрын «Мәңгілік махаббатым» деген әнді Әбдірахман Асылбекке жаздырдым. 21 жастағы Мақпал сол әнді орындаған. Қыз күнінде салмағы 25 келіге де жетпейтін. Алақанға салып, көтеріп тұруға келетін, шынашақтай қыз еді. Бірақ жүрегі кең, өнерге тазалығы көрініп тұратын", - деді Алтынбек Қоразбаев.
Ол әншіні «Гүлдер» ансамбльімен бірге дүркіреп тұрған кезінде ұнатқанын жасырмады.
"Бірақ жүректі ғашық болдым деп бөле алмайсың. Заманбек Нұрқаділовке тұрмысқа шыққан соң, жеңге дедім. Қазір ағамыздың көзі кеткен соң, ол мені «аға» деп жүр", деп әзілдеді композитор.