Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының Мәдениет үйіндегі № 123 сайлау учаскесінде Алтын адам бейнесінде киінген азамат рефрендумға қатысып, дауыс берді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алтын адам кейпінде келіп дауыс берген аудандағы белсенді азамат – Жасұлан Сейдазимов.
Қазақстан археологиясының тарихында көптеген таңғажайып мұра бар, олардың бірі – Алматы облысында табылған «Алтын адам».
Ал Еңбекшіқазақ ауданы сол Алтын адамның атамекені.
– Бүгін елімізде тарихи шешім қабылданып жатыр. Бұл әрине барлығымыздың болашағымызға қатысты маңызды шешім. Сондықтан бұл келелі шешімде туған топырағымыздың өткен тарихы мен ондағы өркениет ізін жаңғыртқым келді. Әрине, мен бұны өздік азаматтық ұстаным білдірудің ерекше тәсілі дер едім. Мен қашанда қоғамды өзгерту мен елімізді өркендетуге бағытталған шешімдерге белсене үн қатып келемін, – дейді кәсіпкер Жасұлан Сейдазимов.