– Таңғы аралау кезінде Оңтүстік-шығыстағы газ тарату желілерінің құрылыс барысымен таныстым. Қазір қазу жұмыстары мен газ реттегіш шкаф пунктін орнату жүргізіліп жатыр.
Мердігерге, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді, қауіпсіздікке ерекше назар аударуды тапсырдым. Оңтүстік-шығыс шағын ауданының тұрғындары келесі жылыту маусымына дейін газға қосыла алады. Елді-мекен тұрғындары ғана емес, қала тұрғындары да үйлерін газбен жылыта алады.
Бұған дейін, Железнодорожный, Көктал-2, Агроқалашық (бір бөлігі ғана) елді-мекендерінің тұрғындары газға қосылу мүмкіндігін алды. Биылғы жылыту маусымында ЖЭО-1 және ЖЭО-2 бірқатар су жылыту қазандықтары газға ауыстырылды.
Газдандыру мемлекет басшылығының бақылауында. Газдандыру процесі үш кезеңнен тұрады.
Газдандыру атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді, экологияға оң әсер етеді. Сондай-ақ, жеке сектор тұрғындарының өмір сүру жағдайын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Өйткені, көмірдің сапасын, оны сақтауды уайымдап, күні бойы үйде болудың қажеті жоқ, – деп жазды елорда әкімі.