Алтай Әлінің терең туыстық байланысы: Астанадағы қызметінен кетсе де, Жамбыл облысы әкімдігінен орын табылды

Сағыныш Сардарова 06 қаз. 2025 12:56

Алтай Әлі Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Көлік министрінің бұйрығымен Алтай Әлі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің төрағасы қызметінен босатылған.

Алтай Әлі 1985 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2005 жылы "Рахат Палас" қонақ үйінде байланыс орталығының қызметкері болып бастаған.

  • 2010-2011 жылдары - "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ субсидиялау департаментінің менеджері.
  • 2014-2015 жылдары - Астана қалалық сотының бас маманы.
  • 2015-2018 жылдары ҚР Премьер-министрі кеңсесінің құрылымында жұмыс істеді.
  • 2018 жылы Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысы, көмекшісі болды.
  • 2018-2019 жылдары - Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары - хатшылық меңгерушісі.
  • 2019-2020 жылдары - Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы.
  • 2021 жылғы ақпаннан бастап 2023 жылға дейін Көлік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

Еске салайық, әлеуметтік желіде "қарапайым жұмысшы" болып еңбек жолын бастаған Ербол Құлымбеттің небәрі бір жарым жыл ішінде Жамбыл облысындағы Көліктік бақылау бөлімінің басшысы болып тағайындалғаны жайлы ақпарат тарады. Оның мансап жолында бұлай жылдам өсуін Көлік министрлігінде қызмет ететін Алтай Әлімен туыстығымен байланыстырғандар табылды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тексеріс жүргізіп, Алтай Әлінің әкесі мен Ербол Құлымбеттің анасы туған бауыр екенін анықтады. Алайда агенттік қолданыстағы "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға сәйкес мұндай туыстық байланыс жақын туыс немесе жекжат санатына кірмейтінін хабарлады.

Соған қарамастан Ербол Құлымбет қызметінен өз еркімен кету туралы шешім қабылдады.

Ал Алтай Әлі Астанадағы қызметінен кетсе де, бүгін Жамбыл облысы әкімінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар