Ресейдің Алтай Республикасында турист әйелге аю шабуыл жасағаннан кейін аңшылар екі күн ішінде 12 аюды атып өлтірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиға Турочак ауданында болған. Сәрсенбіге қараған түні Артыбаш ауылы маңында аю туристер тұрған шатырға шабуыл жасап, Новосібірден келген әйелді орманға сүйреп әкеткен. Әйел қаза тапқан.
Қазір аңшылар Артыбаш, Иогач ауылдары мен жақын аумақтарда аюларды бақылап, санын реттеп жатыр. Мамандардың болжамынша, атылған аюлардың бірі турист әйелге шабуыл жасаған жыртқыш болуы мүмкін.
Жабайы жануарлардың қозғалысын республикалық ұшқышсыз аппараттар орталығының дрондары әуеден бақылап отыр. Аюлардың санын реттеу жұмыстары жалғасады.
Осы оқиғадан кейін ауданда жоғары дайындық режимі енгізілді. Тұрғындар мен туристер түнгі уақытта, яғни 20:00-ден 10:00-ге дейін жүруіне шектеу қойылды.
Еске салайық, бұған дейін Алтайда жабайы аю 29 жастағы қызды бөлшектеп тастағаны хабарланды. Төтенше жағдайлар қызметіндегі дереккөздің айтуынша, аю әйелді шатырдан сүйреп шығарып, орманға алып кеткен. Жыртқыш оған ауыр жарақат салып, денесін көміп тастауға әрекет жасаған. Жергілікті тұрғындар көмек көрсетуге тырысқанымен, аю оларға да тап берген.
Куәгерлердің сөзінше, жыртқыш тіпті атылған оқтан да қорықпаған. Оқиға орнына келген полицейлер аюға емес, ауаға оқ атқан.