Алтайда жабайы аю 29 жастағы қызды бөлшектеп тастаған

Алтайда жабайы аю 29 жастағы қызды бөлшектеп тастаған
tvknews.ru

Ресейде бір тәуліктің ішінде аюлардың адамдарға шабуыл жасаған үш оқиғасы тіркелді. Ең қайғылы жағдай Алтай Республикасында болып, 29 жастағы турист әйел жыртқыштың шабуылынан қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алтай Республикасының Артыбаш ауылындағы "Исток" демалыс базасында аю түн ішінде туристер орналасқан шатырға шабуыл жасаған.

Қаза тапқан әйел – Новосібірден келген 29 жастағы Снежана. Ол демалыс орнына сүйіктісімен бірге барған.

Төтенше жағдайлар қызметіндегі дереккөздің айтуынша, аю әйелді шатырдан сүйреп шығарып, орманға алып кеткен. Жыртқыш оған ауыр жарақат салып, денесін көміп тастауға әрекет жасаған. Жергілікті тұрғындар көмек көрсетуге тырысқанымен, аю оларға да тап берген.

Куәгерлердің сөзінше, жыртқыш тіпті атылған оқтан да қорықпаған. Оқиға орнына келген полицейлер аюға емес, ауаға оқ атқан.

Қаза тапқан Снежананың Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Новосібір облысы бойынша басқармасында қызмет еткені белгілі болды. Ол жуырда қадағалау қызметінің инспекторы лауазымына тағайындалған және қайғылы оқиға кезінде еңбек демалысында жүрген.

БАҚ мәліметінше, 29 жастағы әйел белсенді өмір салтын ұстанып, спортпен айналысқан және тауға жиі шыққан.

Оқиғадан кейін өңір билігі аюларды атуға қосымша рұқсат берген. Артыбаш ауылында сағат 20:00-ден 10:00-ге дейін коменданттық сағат енгізіліп, Телецк көлі мен Бия өзенінің жағалауында шатыр тігуге тыйым салынды.

Сондай-ақ туристер жиі баратын Корбу сарқырамасына апаратын бағыт уақытша жабылды.