АЛПАУЫТТАР ҚАЗАҚ ҒАЛЫМДАРЫНА СЕНІМСІЗДІКПЕН ҚАРАЙДЫ

Dalanews 05 ақп. 2015 07:32 744

«Қала мен Дала» газеті мен «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ Қазақстанда ғылымның көкжиегін кеңейтіп жүрген жастарды барынша насихаттау ісін қолға алған болатын. Бүгін біздер күні кеше ғана Еуразия кеңістіндегі «Үздік жас ғалым» атағын жеңіп алған PhD докторы Ерлан Досжановты әңгімеге тартып отырмыз. Жас ғалым ҚазҰУ-дің химия факультетінің аға оқытушысы, Жану мәселелері институтында ғылыми қызметкер болып еңбек етеді. Оның жерге төгілген мұнай мен мұнай өнімдерінен қоршаған ортаны тазартуға бағытталған жобасын әлемдік ғылыми қауымдастық жоғары бағалап отыр.  

 – Өткен жыл Еуразия кеңістігіндегі «Үздік жас ғалым» номинациясы бойынша топ жарып, еліміздің абыройын асқақтаттыңыз. Байқау қалай болды?

– Бұл байқауда үш аталым бойынша жас ғалымдардың үздік ғылыми жұмыстары анықталды. Аталымдар – «Адам экологиясы», «Қоғам экологиясы» және «Табиғат экологиясы» деп аталды. Менің топырақты мұнай мен мұнай өнімдерінен тазартуды көздейтін жобам «Табиғат экологиясы» бойынша үздік жұмыс деп танылды. Ал «Адам экологиясы» аталымы бойынша Қиыр Шығыстан келген ғалымның жұмысы үздік деп танылса, «Қоғам экологиясында» Саратовтан байқауға қатысқан жас бойжеткен топ жарды. Үздіктерді анықтауда ғалымдар жұмыспен танысып шығып, өз бағаларын бере салмады. Ұйымдастырушылар ғылыми жұмыстарға арнайы талаптар қойды. Олардың басты талабы ғылыми жоба негізінде жазылған мақалалардың жоғары импакт-факторлық көрсеткішке ие болуы тиіс еді.

50ETRB1N– Бұл талаптан сүрінбей өткен шығарсыз?

– Солай десе де болады. Жерге төгілген мұнай мен мұнай өнімдерін тазартуға қатысты жобамен айналысқанда «Thomson Reuters», «Scopus» ғылыми мәліметтер базасына бірнеше мақалаларым жарияланып, әлем бойынша ғалымдар өз жұмыстарын жазарда менің мақалама сілтеме жасаған болатын. Соның пайдасы осы байқауда тиді. Қазір Қазақстанда әлемдік ғылыми мәліметтер қорына енген жалғыз ғылыми журнал бар. Ол майталман ғалым З.Мансұров басқаратын Жану мәселелері институты жанынан жылына төрт рет ағылышын тілінде жарық көретін «Еуразия химия технологиялары» ғылыми журналы. Аталған журналға шыққан материалды дүниежүзі ғалымдары үнемі бақылап, басылымда жарық көрген мақалаларға ұдайы сілтеме жасап отырады. Бұл журнал – ғаламдық ғылыми мәліметтер қорына енген Қазақстандағы жалғыз журнал. Осы журналдың арқасында менің ғылыми мақалама әлем ғалымдарының назары түсті. Бұдан басқа қазір ҚазҰУ жанынан ағылшын тілінде «Химия және биология», «Математика және физика» ғылыми журналдары жарық көруде. Бұл журналдардың да болашағы зор. Келешекте осы журналдардың «Scopus» ғылыми мәліметтер қорына енетін толық мүмкіндігі бар.

– Осы ғылыми жұмысыңыз жайында оқырмандарымызға тереңірек түсіндіріп берсеңіз?

– Мұнайды өндіріп, тасымалдағанда, қоршаған орта біраз ластанатыны белгілі. Кей жағдайда мұнай құбырлары жарылып, қоршаған ортаға орасан зор көлемде зардабы тиіп жатады. Менің ғылыми жобам осы зардаптарды жоюға бағытталған. Қамба мұнайларын тазалаудың бірнеше тәсілі бар. Бүгінде мұнаймен ластанған жерлерді термиялық, механикалық әдіспен тазартып келеді. Термиялық әдіс барысында мамандар ластанған жердегі ауыр мұнайды өртеп жібереді. Механикалық әдіс барысында ластанған жердің бетін жаңа топырақ жамылғысымен жауып тастайды. Үшінші, физикалық, химиялық әдіс бойынша түрлі сорбенттер мен химиялық ұнтақтарды сеуіп, жерді мұнайдан тазартады. Төртінші, биологиялық әдіс. Бұл тәсілдің өзі – биоремедиация және фиторемедиация деп екіге бөлінген. Ластанған жерлерді түрлі бактериялармен тазарту биоремедиация тәсіліне жатады. Ал фиторемедиация әдісі барысында ластанған жерлерге өсімдіктер отырғызып, аймақты қалпына келтіруіге болады. Менің мұнай мен мұнай өнімдерімен ластанған аумақтарды тазарту жобам биоремедиация тәсіліне жатады.

– Сіз таңдаған тәсіл күрделі және тиімді сияқты?

– Дұрыс айтасыз, биоремедиация тәсілі үлкен ізденіс пен ыждаһаттылықты қажетсінеді. Жобадағы негізгі жұмысымыз биоремедиация тәсілі барысында мұнай мен мұнай өнімдерінің қалай ыдырайтынын бақылаймыз. Мұнайдың қалай тотығып, қандай топтар бөлетінін зерттейміз. Қазір Қазақстанның Батысында мұнаймен ластанған жерлер өте көп. Өз басым зерттеу жұмысымды зертханалық жағдайда жүргіздім. Ақтөбе облысында Ажар Жұбанова апайымыз бастаған ғалымдар далада мұнай қамбаларына сынақ жүргізді. Олар псевдомонас туысына жататын бактерияларды дайындап, мұнаймен ластанған жерлерге сеуіп, алты ай сайын бақылаған. Нәтижесі кісі қызығарлық деңгейде болды. Мұнаймен ластанған жерлер қысқа мерзімнің ішінде 87-90 пайызға дейін тазарғанына көз жеткіздік. Мен тотығу барысын химиялық және микробиологиялық жолдармен жерге төгілген мұнай бактериялармен әрекеттескенде, олардан қаншалықты альдегид, кетон, спирт бөлетінін анықтауға күш салдым. Зерттеу қорытындысының соңында жерге төгілген мұнай көмірқышқыл газы мен суға айналып кетеді. Біздің басты мақсатымыз осы процессті жеделдету болды.

– Ластанған жерлерге себетін бактериялар – тірі организм. Жалпы осы суспензияларды кез келген уақытта себе беруге бола ма?

– Суспензияларды кезеңдерге бөліп себу керек. Негізінен ластанған жерлерге бактериялар көктем мен күзде себіледі. Қыс кезінде суықтың әсерінен бактериялар өмір сүруін баяулатады. Сондықтан ластанған аймақтарды биоремедиация тәсілімен тазартуға көктем қолайлы. Бактерияларға суық қалай әсер етсе, жоғары температура да солай әсер етеді.

– Сіздер дайындаған бактерияларды өндірістік деңгейде биопрепарат ретінде шығаруға бола ма?

– Әрине, болады. Қазіргі таңда қазақ ғалымдары дайындап шығарған «Мұнайбаг» деген биопрепарат бар. Оны отандық мұнай өндіруші компаниялар қаншалықты пайдаланып жатқанын білмеймін. Өкініштісі, еліміздегі мұнай компаниялары Қазақстан ғалымдары дайындаған биопрепараттарға сенімсіздікпен қарайды. Сондықтан олар шетелдің биопрепараттарын сатып алуға әуес. Биопрепарат шығаруда АҚШ көш бастап келеді. Егер АҚШ пен біздің биопрепараттарды салыстырсақ, біздікі олардан кем түспейтінін байқауға болады. Керек десеңіз, біздер дайындаған биопрепарат АҚШ-та дайындалған өнімдерге қарағанда біршама арзан. Біздің ғалымдар үлкен биореактор болмағандықтан, биопрепараттарын өндірістік деңгейде шығара алмай отыр. Биореактор сатып алу үшін қыруар қаржы керек. Қаржының жетімсіздігі, тиісті менеджменттің қалыптаспауы салдарынан қазақстандық ғалымдардың ойлап тапқан ғылыми жетістіктері зертханалық деңгейден аса алмай отырғаны жанға батады. Қазақ ғалымдарының ғылыми жұмыстарын өндірістік деңгейге дейін жеткізу үшін қаржы мен ойластырылған менеджмент қажет.

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАНОВ.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар