Алматы қаласындағы жолдардың қауіпсіздігі мен сапасын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының инженерлері қала көшелеріндегі жол таңбаларының жағдайын тексерді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандар арнайы өлшеу құралының көмегімен жолға салынған таңбалардың талаптарға сәйкестігін анықтады. Тексеру барысында жолақтардың көріну деңгейі мен белгіленген техникалық талаптарға сәйкестігіне назар аударылды.
Филиал инженерінің айтуынша, жол таңбаларының сапасы қозғалыс қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Әсіресе түнгі уақытта және қолайсыз ауа райында таңбалардың анық көрінуі жүргізушілер үшін маңызды.
«Жол таңбалары уақыт өте келе өшіп, бастапқы қасиетін жоғалтуы мүмкін. Сондықтан олардың жағдайын тек көзбен бағалау жеткіліксіз. Арнайы құрал арқылы нақты көрсеткіштерді өлшеп, белгіленген талаптарға сәйкестігін анықтаймыз. Бұл жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі», – деді филиал инженері Досжан Сұрапбергенов.
Жол таңбалары бойынша анықталған кемшіліктер тиісті тәртіппен тіркеліп, мердігер ұйымдарға оларды жою жөнінде ұсыныстар беріледі.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Алматы қалалық филиалы қаладағы жол құрылысы мен жөндеу нысандарында сапаны бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.