Жаз басталғалы бері Алматыда қарбыз бен қауын жеп уланған бірде-бір адам тіркелмеген. Зертханадағы тексеріс кезінде де бақша өніміндегі нитрат рұқсат етілген деңгейден асып кетпегені анықталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Санитария-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жазда мамандар қарбыз бен қауын сапасына ерекше көңіл бөледі. Бақша өнімдері жаппай сатылатын орындарда өнім үлгілері алынып, олар тексеру үшін зертханаларға зерттеуге жіберіліп отырады.
Ең алдымен мамандар нитраттың мөлшерін тексереді. Қажет болған жағдайда өнімдегі пестицид қалдықтары, улы элементтер, микробиология және радиология көрсеткіші де зерттеледі. Зерттеулер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен Қазақстан Республикасының санитария нормаларына сәйкес жүргізіледі.
"Биыл жүргізілген зерттеу нәтижесінде қарбыз бен қауын үлгілеріндегі нитрат рұқсат етілген деңгейден асып кеткені анықталған жоқ. Сондай-ақ, қауіпсіздік талабына сәйкес келмейтін өзге де көрсеткіштер тіркелмеді", – деді ол.
Мамандардың айтуынша, нитрат мөлшері жоғары екенін жемістің түсіне, иісіне, дәмі мен сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес.
"Нитраттардың нақты мөлшерін тек аккредиттелген зертханада бекітілген зерттеу әдістері арқылы анықтауға болады. Сатып алушылар ең алдымен өнім қай жерде сатылып жатқанына, жемістің сыртқы жағдайына, құжаттары болуына назар аударуы қажет", – деп түсіндірді Әсел Қалықова.
Тұрғындарға қарбыз бен қауынды базардан, дүкен мен басқа да ресми сауда орындарынан сатып алу ұсынылып отыр. Ал сатушыларда өнімнің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуға тиіс.