Алматыда орталықтағы теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды

Алматыда орталықтағы теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды
gov.kz

Алматы прокуратурасы қала орталығында орналасқан теміржол ауруханасының ғимараты мен жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

2018 жылы бірқатар мәмілелер нәтижесінде бұрын Теміржол апаттар медицинасы госпиталіне тиесілі болған денсаулық сақтау нысаны мен жер учаскелері жеке меншікке заңсыз шығарылған. Жер және мемлекеттік мүлік туралы заңнама талаптары бұзылған.

Сот талқылауы барысында мәмілеге қатысушылар өзара аффилирленгені және мемлекеттік мүлік бәсекелестік ортадан тыс заңсыз шығарылғаны дәлелденген.

Алмалы ауданы прокуратурасының талап-арызы бойынша сот мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару жөніндегі мәмілелерді жарамсыз деп таныды. Сот шешімі заңды күшіне енді, апелляциялық шағым қанағаттандырылмады.

Нәтижесінде мемлекет меншігіне жалпы аумағы 0,3 гектар болатын екі жер учаскесі және ауданы 1 628 м2 болатын ғимарат қайтарылды. Қайтарылған мүліктің жалпы құны 2 млрд теңгеден асады.