Алматыда метроның жаңа желісін жобалауға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Алматыда метроның жаңа желісін жобалауға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді
Zakon.Kz

Алматыда «Қалқаман» стансасынан «Барлық» базарына дейін созылатын жаңа метро желісінің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу басталды. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 2,96 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекеттік сатып алу порталында жобалау жұмыстарына арналған конкурс жарияланды. Әлеуетті мердігерлерден өтінім қабылдау 4-9 маусым аралығында жүргізіледі.

Жоба аванссыз іске асырылады. Яғни мердігер барлық жұмысты өз қаражаты есебінен орындауы тиіс, ал төлем жобалық-сметалық құжаттама толық дайындалып, тапсырылғаннан кейін ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар орындаушы үш жылдық кепілдік беруі қажет.

Жаңа метро желісі Абай даңғылы бойымен батыс бағытта жалғасып, кейін Алатау даңғылына бұрылып, Райымбек даңғылына дейін жетеді.

Жоба аясында үш жаңа жерасты стансасын салу жоспарланған. Оның екеуі Алатау даңғылының бойында орналасады. Бір станса Абай даңғылынан солтүстікке қарай, екіншісі Төле би көшесіне жақын маңда салынады. Ал соңғы станса «Барлық» базарының аумағында орналаспақ.

Қала билігінің мәліметінше, жаңа желі Алматының батыс бөлігіндегі көлік жүктемесін азайтып, тұрғындардың қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.