Бүгін Алматыдағы Бостандық аудандық сотында журналист Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы өтіп жатыр. Істі судья Элена Кван қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушы сотта айыптау актісін оқып, тараптар алғашқы процессуалдық ұстанымдарын жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сот отырысының басында қорғаушы Ольга Ким бірнеше өтінішхат жолдап, тергеу барысында бірқатар заңбұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді. Қорғау тарапының уәжінше, жеті айға созылған тергеу барысында 18 томдық қылмыстық іс жиналғанымен, Бажкеновадан небәрі екі рет, әрқайсысы шамамен 15 минуттан ғана жауап алынған.
Өз кезегінде Гүлнәра Бажкенова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты.
“Жеті айдың ішінде 18 том қылмыстық іс жиналды. Бірақ мені бар болғаны екі рет қана жауапқа шақырды. Әр жауап алу шамамен 15 минутқа ғана созылды”, – деді ол.
Сондай-ақ сотталушы ақша аударымдарына қатысты түсініктеме беріп, қаражатты заңсыз иемденбегенін жеткізді.
Бажкенованың айтуынша, кеңседен табылған ақшаның бір бөлігі қызметкерлердің қараша айындағы жалақысын төлеуге арналған.
“Бухгалтердің жанынан табылған ақша қызметкерлердің жалақысына арналған еді. Ол кезде 1 желтоқсан болатын, біз қараша айының еңбекақысын төлеуге дайындалып жатқанбыз”, – деді ол.
Сондай-ақ журналист кабинеті мен пәтерінен алынған қаражаттың өзіне тиесілі екенін айтып, оның пәтерді жөндеу жұмыстарына жұмсалуы тиіс болғанын жеткізді.
“Кабинетімдегі ақша да, үйімнен алынған ақша да – өзімнің жеке қаражатым. Пәтер жөндеу жұмыстарымен айналысып жүргендіктен, ол ақша үнемі өзімде болатын. Тергеу кезінде оның қайдан келгенін толық түсіндірдім. Тексеру нәтижесінде қаражаттың заңды табыс екені расталды. Оның “Ордаға” да, қылмыстық іс бойынша қаралып жатқан бірде-бір эпизодқа да қатысы жоқ. Бұл – өз еңбегіммен тапқан жеке қаражатым”, – деді Бажкенова.
Бұдан бөлек, Бажкенова заңсыз кәсіпкерлік туралы айыппен де келіспейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, іс материалдарында көрсетілген жылжымайтын мүлік мәмілелері кәсіпкерлік қызметке емес, жеке тұрғын үйіне қатысты болған. Сонымен қатар ол бастапқыда өзін өзі қорғауды көздегенімен, заң талаптарына сәйкес мемлекеттік қорғаушымен жұмыс істеуге мәжбүр болғанын айтты.
Ал жәбірленуші тараптың өкілдері қорғау тарапының уәждерімен келіспейтінін білдіріп, бірнеше қарсы өтінішхат ұсынды. “Эскад” ЖШС-нің адвокаты Бажкенованың кейбір мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейтінін айтып, сотталушының компания атына сотқа дейінгі талап-арыз жолданғаны туралы сөзі дұрыс емес екенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта сот отырысы жалғасып жатыр. Сот барлық өтінішхатты қарап, оларға құқықтық баға бергеннен кейін істі мәні бойынша қарауға көшеді.
Еске салайық, Гүлнәра Бажкеноваға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы (“Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету”), 214-бабы (“Заңсыз кәсіпкерлік”) және 274-бабы (“Көрінеу жалған ақпарат тарату”) бойынша айып тағылған. 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бері ол үйқамақта отыр.