Алматыда екі көлік соқтығысып, екі қыз көз жұмды

Алматыда екі көлік соқтығысып, екі қыз көз жұмды

Алматыда Mercedes-Benz Gelandewagen және Suzuki көліктері қатысқан жол-көлік оқиғасы салдарынан екі қыз қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала мәлімет бойынша, 27 шілдеге қараған түні сағат 03:10 шамасында Рысқұлов даңғылымен батыс бағытта келе жатқан Suzuki көлігінің жүргізушісі Шәріпов көшесімен қиылыста кері бұрылу кезінде қарсы бағытта қозғалып келе жатқан Mercedes-Benz Gelandewagen көлігіне жол бермеген. Соның салдарынан екі көлік соқтығысқан.

Suzuki көлігінің ішінде төрт қыз болған. Жүргізуші мен жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілсе, екінші қызды құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен қатты зақымданған көліктің ішінен шығарып алған.

Mercedes-Benz Gelandewagen жүргізушісі де түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

Полицияның мәліметінше, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр.