Алматыда алғаш рет самокаттардың ретсіз тұруына тосқауыл қойылмақ

Алматыда алғаш рет самокаттардың ретсіз тұруына тосқауыл қойылмақ
Алматы әкімдігі

Алматыда алғаш рет электрсамокаттарды орналастырудың бірыңғай ережесі енгізіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алматыда жол қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған ережесі әзірленді. Жобаны мәслихат отырысында Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев таныстырды.

Жобаға сәйкес электрсамокаттар, мопедтер және өзге де құралдарға арналған тұрақ орындарын орналастырудың бірыңғай талаптары белгіленеді. Жалға беру қызметін көрсететін операторлар үшін тұрақ орындары шарт негізінде ұйымдастырылып, бұл қала аумағында көлікті ретімен орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрғындар осы тұрақ аймақтарын өздерінің жеке самокаттары мен басқа да құралдарын орналастыру үшін тегін пайдалана алады.

Бұған қоса, құжатта көлікті эвакуациялау және арнайы тұрақтарда сақтау тәртібі, сондай-ақ, аулаларда шлагбаумдар мен қорғаныш қоршауларын орнатудың бірыңғай талаптары айқындалған. Бұл ретте жедел жәрдем, өрт сөндіру және басқа да жедел қызмет көліктерінің кедергісіз жүруі міндетті талап ретінде сақталады.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, бұл жобаны қабылдау жол қозғалысын ұйымдастырудың заманауи жүйесін қалыптастыруға, қалалық инфрақұрылымды тиімді пайдалануға және көліктің жаңа түрлерін реттеудің бірыңғай тәсілін енгізуге мүмкіндік береді.